МЕКТЕПТЕРДІҢ БАРЛЫҒЫ ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ТОЛЫҚ ДАЙЫН

Биыл Шымкент жаңа оқу жылын қалай бастайды? Оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру үшін қандай дайындық жұмыстары жүргізілді? Бұл ретте қалалық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Текебаева таяуда «BILIM jane GYLYM» тақырыбында өткізілген тамыз конференциясы кезінде төмендегідей мәліметтерді мәлімдеді.

Жалпы Шымкентте 253 мемлекеттік, 445 жекеменшік білім беру ұйымдары бар. Биылғы жаңа оқу жылында онда 294 мыңнан астам өскелең ұрпақ білім алатын болады. Осы жылы аталған салаға 77 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Бөлінген қаржы көлемі өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым көбейіп, 26%-ға артып отыр.
Шаһардағы 130 мектептің барлығында қылышын сүйреп келетін қыс мезгіліне дайындық жұмыстары толық аяқталған. Ала жаз бойы мектептердегі жылыту жүйелері қысымдаудан өткізіліп, мекемелерге қатты және сұйық отын толық жеткізілген. Сонымен қатар, мектептердің барлығы кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесі негізінде 11 000 дана компьютер алу жұмыстары атқарылуда.
Бүгінде жаһандану талаптарына сай бәсекеге қабілетті өскелең ұрпақтарды тәрбиелеуда ІТ орталықтардың ашылуы аса маңызды. Осы бағытта жергілікті қазынадан қаралған 104,3 млн. теңгеге «Оқушылар сарайы» базасында IT-орталық және №№1, 7, 23, 65, 80 мектептерде IT-сыныптар ашылды. Олардың барлығы қыркүйек айынан бастап толыққанды жұмыс істейтін болады.
Ағымдағы оқу жылынан бастап 1-10 сынып оқушылары жаңартылған білім беру мазмұны бойынша білім алады. Бұл мақсатта педагог қызметкерлердің 94 пайызы арнайы біліктілік курстарынан өткізілген. Желтоқсанға дейін 2 мыңға жуық маман осы бағыттағы біліктілік курстарынан өтуге жіберіледі.
Ұстаздардың сапалық құрамына тоқтала кетсек. Шымкент қаласы бойынша 75 — «Педагог-шебер», 3153 — «Педагог-зерттеуші», 1879 — «Педагог-сарапшы», 1450 — «Педагог-модератор» санатты мұғалімдер жұмыс атқаруда.
Салада шешімін күтіп отырған мәселелер де аз емес. Соның ең бастысы ол үш ауысымды мектептер болып табылады. Дәл қазіргі таңда қалада 19 мектеп үш ауысымды жүйеде білім береді. Қалалық білім басқармасы жыл соңына дейін үш ауысымда білім беретін 6 мектепте бұл мәселе өз шешімін табатынын мәлімдеуде.
Бұдан бөлек қыркүйек айында 4 мектеп пен 1 мектептің қосымша ғимаратының құрылысы толық аяқталып, пайдалануға беріледі.

С. НҰРАЙ.