Маңызды

Қарағандыда МӘМС пилоттық жобасы іске қосылады

Келер жылдан бастап мемлекет есебінен азаматтарға берілетін тегін дәрі дәрмектердің тізімін екі есеге көбейту жоспарланып тұр. Бұл туралы еліміздің Денсаулық сақтау министір Елжан Біртанов Қарағанды облысы, Абай ауданы, Топор кентінде орналасқан Орталық аудандық аурухананың материалдық техникалық базасымен танысу кезінде мәлімдеді.
Іргесі сонау 1964 жылы қаланып, біраз уақыт жөндеуді қажет етіп тұрған бұл нысанның ауласына, шатырына, қоршауы мен пандусына биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген-тін. Ауласы абаттандырылған ауруханада былтыр «Навигация» ақпараттық жүйесі іске қосылып, хирургиялық және гинекологиялық ота жасау үшін электрлі коагулятор мен 20 компьютер сатып алынған. Ауруханада 4 хирург жұмыс жасайды. Өз кезегінде ауруханада мамандар тапшылығы жоқ екенін алға тартқан Наталья Беланға еліміздің бас дәрігері қазір аурухана қызметкерлеріне адамдарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен таныстыруға көп көңіл бөлу керектігіне баса мән беруді тапсырды. Оған негіз де жоқ емес. Себебі 1-қыркүйектен бастап Қарағанды облысында МӘМС пилоттық жүйесі іске қосылады. Әзірге пилоттық жүйеде профилактикалық тексеру мен оңалту ғана бар.
Жалпы Топордағы орталық ауруханада республикалық маңызы бар тас жолдарда жол-көлік оқиғаларына тап болып, жарақат алған азаматтарға ем-дом көрсетілетінін айта кетейік. Мұнда науқастарға бір аптада орташа есеппен 5 жоспарлы ота жасалады.

М. ӘБДІРАЙЫМ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру