Маңызды

АЛАТАЯҚТЫ ҚОЛДАНУ ҚАЙТА ҚОЛДАНЫСҚА ЕНГІЗІЛЕ МЕ?

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі жол-патрульдік полициясының қызметкерлеріне алатаяқты қайтарып беру туралы ұсыныс білдірді. Ресми түрде жолданған ұсынысты ведомства өкілдері халықтың арыз-шағымына сүйене отырып жеткізіп жатқандарын алға тартуда.
Егер бұл ұсыныс заңды түрде мақұлданатын болса, жол сақшылары алатаяқты бұрынғыдай оңды-солды емес, белгілі бір жағдайларда ғана қолдануға құқылы болмақ. Ішкі істер мамандары алатаяқты жол-көлік оқиғалары мен кептелістер туындағанда көлік құралдарын бұру үшін, бағдаршамдардың ақаулығы немесе болмауы жағдайында қозғалысты реттеу үшін, қолайсыз ауа райында және автожолдарда нашар көріну және басқа да қажетті жағдайларда ғана қолдануға болады деп санайды. Ал көлікті тоқтату үшін алатаяқты пайдалануға үзілді-кесілді тыйым салу қажет деп тануда.
ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мақсат Байболов алатаяқ қолданыстан алып тасталған кезден бастап елімізде жүргізушілердің жол-патрульдік полицияларын қағып кету дерегі 5 рет тіркелгенін, және олардың барлығы кешкі және түнгі уақыттарда орын алғанын мәлімдеуде.
Ішкі істер минстрлігінің алатаяқты қайтару туралы бұл ұсынысы қашан заң жүзінде рұқсат берілетіні алдағы уақыттың еншісінде.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстанда 2017 жылдың 1-қаңтарынан бастап, дамыған елдер тәжірибесіне сүйене отырып алатаяқты қолдану қолданыстан шығарылған болатын. Бұл тәжірибені елімізде қолдану тиімсіз болғанын уақыттың өзі көрсетіп тұр.

Қ. ҚАЛИЕВ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру