ОРТАЛЫҚ ОЗАТТАРДЫ ДАЙЫНДАЙДЫ

Келешекте Шымкентте білім метрополисінен тұратын халықаралық білім беру кластері орталығы ашылады. Онда халықаралық талаптарға сай өскелең ұрпақты тәрбиелейтін балабақша, мектеп пен колледж болады. Бұл орталықтың өзге білім мекемелерінен басты ерекшелегі де осы. Нысанды сингапурлық «KinderWorld International Group Ltd» компаниясы салады.
Осы жобаны жан жақты талқылап, жүзеге асатын нұсқасын таңдап алу мақсатында Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов аталған сингапурлық компанияның төрағасы Рики Тэнмен кездесті. Жүздесу кезінде тараптар нысанның болашақ әлеуетін талқылап, ұсыныстарын жеткізді.
Өз кезегінде білім метрополисінен тұратын халықаралық білім беру кластері орталығында ашылатын балабақшада 6 айдан 6 жасқа дейінгі өрендер тәрбиеленбек. Барлығы 600 балаға лайықталып салынатын балабақшада жабық ойын алаңы мен бассейн болады. Сондай-ақ, балаларды шет тілдерін үйренуге, әріп танып, оқуға, саусақ бүгіп, санауға, қоғамтануға, ән айтуға, би мен бейнелеу өнеріне үйретеді.
Бұдан бөлек, 3-тен 12 жасқа дейінгі балаларға арналған байыту орталығын да ашу жоспарлануда. Ол жерде балалар ғылыммен, технологиялармен, инженериямен, математикамен, робототехникамен және AR/VR жүйесімен танысады.
Ал, халықаралық білім беру кластері орталығындағы мектепте оқушылар дәстүрлі пәндерден басқа бағдарламалау, робототехника және 3D баспаға арналған факультативтік сабақтар бойынша білімдерін жетілдіре алады. Мұнымен қатар, орталықта АҚШ-та және басқа да шет елдерде оқитын студенттердің жазғы алмасу бағдарламалары жұмыс істемек.
Жалпы сингапурлық «KinderWorld International Group Ltd» компаниясының білім беру кластері Аустралия, Вьетнам және Малайзияда балаларға сапалы білім берумен айналысып келеді. Енді олар мұндай сәтті жобасын Қазақстанда да іске асыруға бел буып отыр. Оның Қазақстанда іске асырылатын жобасы Сингапур елінің ұлттық университетінің қалашығына ұқсас етіп бой көтереді. Құны шамамен 23-25 млн. АҚШ долларын құрайтын бұл жобаны сүйемелдеумен «Kazakh invest» АҚ шұғылданады.