БАСТЫ БАҒЫТ – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ МӘРТЕБЕСІН КӨТЕРУ

Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов Нұр-Сұлтан қаласындағы Жоғарғы Сотта «Сот жүйесіндегі мемлекеттік тілді жетілдіру» тақырыбы бойынша бейнебайланыс арқылы республикалық деңгейде өткен кеңесте «Республика халқының 70%-ы қазақ тілді азаматтар. Бұл көрсеткіш қарқындап өсуде.
Демек, мемлекеттік тілге қатысты талап жыл сайын емес, күн сайын қатая бермек. Тек процестік құжаттарды мемлекеттік тілде жүргізу жеткіліксіз. Енді сот процестерін біртіндеп қазақ тіліне көшіруіміз қажет» деген-тін.
Бұл талаптың деңгейінен табылу Шымкент қалалық сотының алға қойған негізгі бағыттарының бірі. Осы мақсатта Шымкент қалалық сотында сот істерін қарауда мемлекеттік тілдің деңгейін арттыру мәселесі туралы мәжіліс өткізілді. Оған Шымкент қалалық сотының алқа төрағасы, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары, кеңсе меңгерушілері, адвокаттар, жеке сот орындаушылары, банк өкілдері қатысты. басқосуда сот істерін қарау кезінде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтудегі жұмыстарды пысықтау қажеттігі айтылды. Оған Шымкент қаласы, Әл-Фараби аудандық сотының судьясы
Р. Жумадилованың жасаған баяндамасы кезінде айтқан деректері негіз болды. Өз кезегінде Р. Жумадилова 2019 жылдың 6 айында аудандық сотта қаралған 410 қылмыстық істің 335-і яғни, 81%, ал, 3468 азаматтық істің 1425-і, яғни 39%-ы ғана мемлекеттік тілде қаралғанын алға тартты. Ол мұндай көрсеткішті көп жағдайда адвокаттардың талап қоюшыларға талап арызды өздеріне ыңғайлы орыс тілінде жазып беретіні және сот орындаушылардың кейбір атқарушылық іс құжаттарын дайындау барысында орыс тілін қолдануды құп көретіндігі себеп болып отырғандығымен түсіндірді.
Мәжіліске Шымкент қаласының Абай, Еңбекші аудандық және Экономикалық соттарының судьялары да қатысты. Бірқатар адвокаттар да шақыртылды. Олар іс құжаттарын мемлекеттік тілде жүргізудің аясын кеңейту туралы Жоғарғы сот төрағасының талабын орындау мақсатындағы ойларын ортаға салып, оны бірлесе отырып жүзеге асыруға жұртшылықтың назарын аударды.