Мерген Мейіржан немесе Созақтан шыққан тұңғыш хоккейші бала

Созақ даласының қасиеті шексіз. Неге басқа өңірде некен-саяқ жүзден асқан әулие Созақта жатыр? Неге Келіншектауға түйелер шөккен, Қыземшек пен Қотантас құпиялары, үш жүздің басын қосқан «Таңбалы тас» тылсымдары болашақ ғалымдардың басын ауыртып, миын қатыратын тың жаңалықтар болары анық.
Осындай ғажайып өлкеде дүниеге келген каратэ шебері қаратаулық Болат Алтынбек, кезінде Қаратау ауылында аз уақыт болса да мекен еткен атақты Нелли Ким, зілтемірші Шәдібекова, боксшы Біржан жақып, футболшы Таңат Нөсербаев, кеше ғана Қазақстанды ғана емес, көршілес мемлекеттердің таңдайларын қақтырған Акбар Елубайұлы осы Созақтың перзенттері, Теріскей даласының батырлары десек болады. Елді елең еткізіп отырған тағы бір атып келе жатқан жаңа, жас жұлдызымыз Нұрлантегі Мейіржан Нұрәділұлы. Бұл баламыз 2009 жылы 25 маусымда Жартытөбе ауылында дүниеге келген. Шайбалы хоккейімен 2015 жылдың 14 ақпанынан бастап айналыса бастады. Ең алғаш Шымкент қаласындағы мұз сарайына атасымен бірге жаппай сырғанаққа коньки тебуге барып, сол жерде хоккей ойнап жүрген балаларды көріп менде хоккей ойнайыншы деп қызығушылығын білдіріп «Торнада» командасының жас балаларымен жаттыға бастайды. Сол жылы наурыз айында бірінші рет Өзбекстан мемлекетінің астанасы Ташкент қаласына барып «Бинакор» командасының балаларымен жолдастық кездесу өткізіп жеңіспен оралады. 2017 жылы қазан айында мұзсарайының әкімшілігінің бастамасымен тек қазақ балаларынан құралған «Тұран» командасы қатарында шабулшы болып ойнауда. Көптеген ойындарда өзін жақсы жағынан көрсетіп команданың бірінші бестігінде ойнап нәтижелі шабуылшы бола білді. 2017 жылы Қырғызстан мемлекетінде Бішкек қаласының мэрі атындағы халқаралық турнирде АҚШ, Ресей, Литва, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан, командалары арасында «Тұран» командасы жүлделі 4-ші орын алып Мейіржан «Ең үздік шабуылшы» атанды. 16 гол және 11 голевой пас беріптіі. 2017-2018 жылы Астана қаласының 20 жылдығына арналған турнирде «Тұран» командасы 24 команданың ішінде 4 орынға ие болып Қазақстан чемпионатында 2009-2010 жылғы балалар арасында Қазақстан чемпионы атанды. Сол ойындарда Қазақстан бойынша үздік 10 мерген шабуылшылар арасында «Барыс» (Астана), «Торпедо» (Өскемен), «Құлагер» (Көкшетау) командаларының хоккейшілерімен болған ойында бірдей нәтиже көрсетіп үздіктер қатарынан көрініп, «Ең үздік ойыншы» деген марапатқа ие болды. «Тұран» командасы Қазақстан тарихында Оңтүстік Қазақстанның ең бірінші хоккей тарихында чемпион атағын жеңіп алған команда болды және жасөспірімдер арасынан 1-разряд нормасын орындады. Мейіржанның үлкен атасы да спортта өзін көрсете білген тұлға. Кішкентай батырымыз Созақ ауданынан шыққан спорт шебері, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, Қазақстанға еңбек сіңірген спорт қайраткері атасы Ерманов Сәбит Болысбекұлының жолын жалғастырып Созақ ауданынан шыққан спорттың хоккей түрінен алғаш чемпион болған азамат ретінде есімі еленетін болады. Осы жазда үздік ойыншы ретінде «Барыс» командасының спорттық базасының шақыртуымен «Бригантина» спорт лагерінде оқу жаттығу жиынында болып қайтты. Мейіржанның әкесі Нұрәділ жол полиция қызметкері, анасы Ақерке мұғалім, атасы Нұрлан да ұстаздық қызметте болып зейнет демалысына шыққан. Әжесі Кенже де талай жылдар мектепте басшы қызметте болып бүгінде еңбек демалысында. Бір ғана отбасыны емес, бүкіл ауыл, аудан, облысымызды әлемге танытуға талпынып жүрген жас талантымызға тек сапарларда жолы сәтті болсын деген ыстық тілегімізді айтамыз. Алар асуың биік, бағындырар белестерің көп болсын «Мерген Мейіржан» дейміз.

Мақсат Қарғабай.