ЖҮРДЕК ПОЙЫЗДА ТЕМЕКІ ТАРТУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ

Ағымдағы жылдың 28-тамызынан бастап жүрдек пойызда жолаушылар тасымалдау ережелеріне қатысты енгізілген өзгерістер күшіне енетін болады. Соған сәйкес көрсетілген мерзімнен бастап пойыздарда тиісті талаптарды белден басып, темекі тартқан жолаушы бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Бұл барлығы 12625 теңгені құрайды. Яғни, ендігі кезекте жолаушылар бұрынғыдай дәмханаларда еркін отырып, шылым шегуіне тыйым салынады. Адамдар темекіні тек аялдамада перронға шығып тарта алатын болады.
Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» компаниясының атқарушы директоры Едіге Мыханов мәлімдеді. Сонымен қатар ол, жолсеріктер «бармақ басты, көз қыстымен» жолаушылардың мұндай әрекетке баруына жағдай жасағаны анықталса, оларға тиісті шаралар қолданылатынын айтты.
Жалпы елімізде пойыздарда ғана емес, ұшақтарда да шылым тарту шектелген. Бүгінде әкімшілік кодекстегі өзгертулерге сәйкес ұшақ бортында темекі тартқан азаматқа 126 мың теңге айыппұл салынады.