САЛЫҚ ОРГАНЫ МҮГЕДЕКТЕРДІҢ ҚАЛТАСЫН НЕГЕ ҚАҚҚАН?

Шымкентте прокуратура органдары жүргізген тексеру және талдау жұмыстарының нәтижесінде 433 мың азаматтың құқықтары қорғалған.
Таяуда Шымкент қаласының прокуратурасы бұл туралы ресми мәлімет таратты. Онда бірқатар салалардағы былықтардың беті ашылып, ретсіздіктер жойылғаны айтылды. Айталық, қадағалаушы органның білім басқармасына жүргізген талдауы нәтижесінде орта білім беру ұйымдары педагогтарының медициналық зерттеп-қараудан тегін өтуі қамтамасыз етілмей келгені анықталған. Соған сәйкес, енгізілген қадағалау актісі негізінде 17 879 педагогтың медициналық тексеруден тегін өтуіне 18,9 млн. теңге қаралған.
Денсаулық сақтау ұйымдарына енгізілген қадағалау актісі негізінде 3 мыңға жуық кәмелетке толмағандарға заңмен белгіленген кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлемін көрсету қамтамасыз етілген.
Қалалық прокуратураның ықпал етуімен 11 мың тұтынушыға табиғи газ жеткізетін «Жеңіс» ЖШС көгілдір отынның 1 000 текше метрі үшін төленетін тариф көлемін 3587,67 теңгеден 3497,91 теңгеге дейін төмендеткен.
Қала прокурорларының Еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасына берген тапсырмасына сәйкес жүргізілген тексеру нәтижесінде «Хлопкопром-Целлюлоза» ЖШС 118 жұмыскерге беруі тиіс 14 млн. теңге жалақы қарызын толық төлеген.
Шымкент қаласының прокуратурасы жүргізген тексеру мен талдау кезінде анықталған ең сорақы іс – салық органдарының мүмкіндігі шектеулі азаматтардан заңсыз салық төлеуді талап етіп келгені болды. Олар яғни, салық органдары мүгедектердің мүлік, көлік, жер және т.б салықтардан босатылғанына қарамастан «шаш ал десе, бас алатын» әрекетке барып, салық төлеуді талап етіп олардың құқын бұзған. Прокуратура органының ықпал етуімен аталған салықтарды төлеп келген мүмкіндігі шектеулі 1200 азаматтың құқықтары қорғалып, оларға заңсыз салынған салық төлемдері қайтарылған.
Салық органдары мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мүлік, көлік, жер және т.б салықтардан босатылғанына қарамастан оларға неге салық төлетіп келген? Бұл білместік пе әлде халықты қанаудың тың әдісі ме?

Ә. АЙТЖАРИ.