Маңызды

«ҚАУІПСІЗ АУЛА» – ҚАУІПТІҢ АЛДЫН АЛАДЫ

Шымкентте бір жеті бойына «Қауіпсіз аула» атты жедел алдын алу іс-шарасы өтті. Шымкент қалалық Полиция департаменті ұйымдастырған шарада тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіпті бақылау жұмыстарын күшейтілген режимде жүргізді. Нәтижесінде талай талап пен ережелерді белден басу әрекеттері ашылып, оны тез арада жою жолға қойылды.
Яғни, «Қауіпсіз аула» іс-шарасы кезінде жергілікті полиция қызметкерлері 800-ден астам әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырды. Олардың дені тұрғынжайда тіркеусіз тұру дерегі болды. Сақшылар осындай ережені сақтамаған 249 адамға хаттама толтырды. Профилактикалық шара кезінде 245 тұрғынның қоғамдық орындарда ащы судың буына мас болып жүргені анықталды. Бұдан бөлек, рұқсат етілмеген орындарда сауда жасаған 169, ұсақ бұзақылыққа жол берген 54, қаруды сақтау, алып жүру және қайта тіркеу тәртібін бұзған 7 адамға хаттама толтырылды.
Тәртіп сақшылары ойын-сауық мекемелерінде заңды өкілінсіз жүрген 22 жасөспірімді де кезіктірді. Жол ережесін бұзған 1000-нан астам азаматқа да заң шеңберінде әкімшілік шара көрді. Қазақстан аумағында болу заңнамасын бұзудың 52 дерегі тіркеліп, ал есепте тұрған тұлғалармен жасалған заңбұзушылықтың 5 фактісі орын алғаны белгілі болды.
Ұйымдастырушылар «Қауіпсіз аула» шарасы арқылы қоғамдық жерлерде тәртіпсіздік айтарлықтай сейілгенін, тіпті кейбір жағдайда қауіпті алдын алғанын баса айтуда.

С. НҰРАЙ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру