Маңызды

Теңгені долларға айырбастауда үш мегаполистің тұрғындары көш бастады

Осы тамыз айында теңге теңселді. Доллар құны көтеріліп, ұлттық валютамыз әлсіреді. Ақша айырбастау орындарында 388 теңге 1 АҚШ долларына тең келді. Доллардың теңгеге шаққандағы бағамының мұндай көлемге дейін көтерілуі ел тарихындағы рекордтық көрсеткіш болды. Экономистер теңгенің бұлайша құлдилауын Ресей рублінің әлсіреп, мұнай бағасының төмендеуімен, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы сынды сыртқы факторлардың әсерімен байланыстырды.
Экономикадағы мұндай күрт өзгерістен біраз халық
жиған-терген теңгелерінің құны көк тиын болып қалады деп қауіптенген сыңайлы. Соңғы бір айда тұрғындардың валюта айырбастау орындары арқылы 1 млрд. АҚШ долларын сатып алғаны соған дәлел. Оны төл ақшамызға шаққанда 384 миллиард теңге болады. Осылайша долларды сатып алу көрсеткіші өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5 есеге бір-ақ өскен.
Мамандар бар жиғанын құны күшті АҚШ долларына айырбастауда қай өңірдің алға шыққанын да анықтап үлгерді. Теңгесін АҚШ валютасына ауыстырғандар тізімінде Алматы қаласының тұрғындары көш бастаған. Іргелі қала тұрғындары соңғы бір ай ішінде 112,5 миллиард теңгесін долларға айырбастаған. Екінші орында Нұр-Сұлтан қаласы тұр. Елордадағы айырбас пункттерінде аталған уақыт аралағында 48 миллиард теңгеге жуық қаржы долларға ауыстырылған. Ал үшінші орынды 43 миллиард теңгемен Шымкент еншілеген.
Десе де, сала мамандары доллардың нығайып, теңгеның құнсыздануы байқалған алғашқы сәттерден-ақ тұрғындардың валюта айырбастау пункттеріне қарай ағылуы қажет еместігін қадап айтқан болатын. Алайда, қолында қаржысы барлар бұл кеңеске құлақ аспағанын жоғарыда келтірілген сандар анық көрсетіп тұр.

М. ӘБДІРАЙЫМ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру