ҚАЗАҚСТАНДА ҚАНША АЛТЫН БАР?

Жыл басынан бері жер жүзінде құнды металл – алтын қоры 30 тоннаға ұлғайған.
Бұл Дүниежүзілік алтын кеңесі жүргізген талдау-таразылау жұмыстарының қорытындысында белгілі болды. Жалпы Дүниежүзілік алтын кеңесінің тізіміне 17 мемлекет енген. Аталған тізімде АҚШ көш бастап тұр.

Тамыз айының басындағы көрсеткіш бойынша алпауыт Америка елінде 8,13 мың тонна алтын қоры сақталған. Екінші орынға 3,37 мың тонна көрсеткішпен Германия жайғасқан. Халықаралық валюта қоры 2,81 мың тоннамен үздік үштікті түйіндеген.
Қазына байлықтарының көлемі көрсетілген тізімде ең соңғы орынға Сауд Арабиясы мемлекеті орналасқан. Сарапшылар бұл елдегі алтын қорын 323,1 тонна деп белгілеген. Ал Қазақстан бұл тізімде 375,3 тонна алтын қорымен ең соңғы орынға жайғасқан Сауд Арабиясынан бір саты жоғары тұр.
Естеріңізге сала кетсек, 2017 жылы «World Gold Council» сарапшылары жасаған рейтингте Қазақстан ең ірі алтын қоры бар 100 елдің ішінде 21 орыннан көрінген болатын. Бұл рейтингте де АҚШ топ жарған. Ал көрші Ресей Федерациясы 7-орыннан көрінген болатын.