Қиелі аңдарды қорғайтындар қорғаныс киімімен қамтылады

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-да жұмыс істейтін барлығы 402 инспектор бронды кеудешелермен қамтамасыз етіледі. Осы мақсатта жарияланған тендерге қатысу бойынша өтінімдер ағымдағы жылдың 30-тамызына дейін жалғасатын болады.
Жыл басынан бері «Охотзоопром» мекемесінің екі инспекторы броконерлерді құрықтау кезінде оққа ұшып, жан тәсілім болған еді. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау мақсатында мемлекет ендігі кезекте инспекторларды қорғаныс киімдерімен қамтуды қолға алып отыр. Бұл үшін бюджеттен 46 миллион теңге қаралуда. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет телеарнаға берген мәлімдемесі кезінде бронды кеудешелердің техникалық сипаттамасын жасауда оның инспекторларға барынша ыңғайлы болуы назарға алынғанын тілге тиек етті. Және оның әрбірі 7,2 келі болатынын мәлімдеді. Сонымен қатар ол, барлығы 402 бірлік бронды кеудешенің әрбірінің бағасы 115 мың теңгені құрайтынын айтып өтті.