«QORGAU» ЖОБАСЫ – ХАЛЫҚТЫҢ КӨМЕКШІСІ БОЛАДЫ

Тамыздан бастап Шымкентте «Qorgau» жобасы қолға алынды. Оның мақсаты – жоба аясында құрылған арнайы кеңес беру бөлімінде азаматтарға тегін құқықтық кеңес бере отырып, олардың мүддесін қорғау болып табылады.
Тұтас Қазақстан бойынша жүзеге асатын бұл ауқымды жоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесе отырып, «Азаматтық бастамалар орталығы» КЕАҚ-ның қолдауымен «Бірінғай Call-орталық құру арқылы Құқыққорғаушы кешенді жобаның іске асырылу» гранты шеңберінде жүзеге асып отыр. Аталған жобаның Шымкенттегі үйлестірушілері де бекітілді. Олар – Жанболат Жамантаев пен Сабира Байзақова.
Жалпы ауқымды жоба аясында ағымдағы жылдың 1-тамызынан бастап еліміздің барлық аудан, қалаларында ұзын-ырғасы 210 заңгерлік кеңес беру бөлімі ашылды. Шымкенттегі бөлім Жастар ресурстық орталығына жайғасты. Енді ондағы үйлестірушілер алдағы төрт ай бойы азаматтарды тегін заңгерлік қызметпен қамтамасыз етеді. Соған сәйкес әр өңірге бекітілген жетекшілер жұмыс күні ішінде кез келген азаматтың мәселесін тыңдап, оған дұрыс бағыт-бағдар береді.
Жобаны үйлестірушілер «Qorgau» – халық көмекшісі дегенді алға тартып отыр. Оның аясында тұрғындар тегін заңгерлік көмек алып, өздерінің құқықтық сауаттылықтарын көтеруге қол жеткізетінін мәлімдеуде.
Сөз соңында «Qorgau» 200-ден астам өзекті тақырыпты қамтитынын айта кетейік.
М. ӘБДІРАЙЫМ.