МҮГЕДЕКТЕРДІҢ МҮМКІНДІГІ ЕСКЕРІЛГЕН АВТОБУСТАР АРТУДА

Шымкентте қоғамдық көліктер жаңарып келеді. Өткен шілде айында қалада №96, 16 және №45 бағыттары ашылған. Аталған бағыттар бойынша жолаушыларды тасымалдайтын автобустар 19-маусымда Қала күні мерекесі қарсаңында «Shymkent Bus» автобус паркінің ашылуы кезінде жеткізілген техникалар еді.
Сыйымдылығы 56 адамға шақталған бұл көліктер салқындатқыштармен, пандустармен, бейнекамералармен, жолаушылар ағынының датчиктерімен, GPS-трекерлермен жабдықталған. Қазіргі таңда ел игілігіне беріліп жатқан бұл автобустар жолаушылардың барыс-келісін барынша ыңғайлы болуын қамтамасыз етіп жүр.
Тамыздың алғашқы күндерінде Шымкентте тағы да №113 және №10 бағыттары жұмыс істей бастады. Оған да дәл осы жаңа автобустар тартылған. Өз кезегінде №113 бағыты «Әкімшілік іскерлік орталығы» – «Қаратөбе» тұрғын алабы аралығы бойынша жолаушылар ағынына қызмет көрсететін болады. Ал №10 автобусы болса «Нұрсәт-3» – «Сәуле» шағынауданы бағыты бойынша тұрғындар тасымалын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, бірер күн бұрын «Бозарық» шағынауданы – «Теміржол вокзалы» бағыты бойынша №171 автобусы жүре бастады. Бұл бағыттың өзіне 12 автобустың қызмет көрсетуі жолға қойылған. Осылайша аталған шағынауданның тұрғындарын тасымалдайтын №71 бағыты жаңартылды.
Жалпы соңғы екі аптадан бері Шымкенттегі жолаушылар тасымалына енгізілген бұл бағыттар тұрғындардың күнделікті тіршілігіне айтарлықтай оң әсерін тигізіп жатыр. Жергілікті тұрғындар әлеуметтік желі арқылы құрастырылған жылы жаңа, іші жайлы, мүгедектердің де түсіп-мінуіне ыңғайлы әрі салқындатқышы бар автобустардың арқасында бұрынғыдай діттеген жерге жету мұңға айналмағанын жазып, қуанғандарын жеткізуде.
Айтпақшы, жергілікті билік алдағы күндерде тағы да екі-үш бағыт бойынша автобустарды жүргізу іске қосылатынын мәлімдеуде.
М. ӘБДІРАЙЫМ.