ДОНОР БОЛУ – ЗОР ДЕМЕУ

Халқы тығыз орналасқан күнгей аумағында донор қанына деген қажеттілік күн тәртібінен түскен емес. Әсіресе ауруханада жансақтау, жарақат бөліміне түскендерге шұғыл түрде донор қанына қажеттілік жиі тіркеледі.
Бұл мәселе қатерлі ісік дертіне шалдыққандардың сырқатын жеңілдетуде маңызды рөл ойнайды. Перзентханаларда жаңа туылған нәрестелер бөлімінен де донор қанына деген сұраныс көп түседі. Осындай жағдайларда мыңдаған адамның өмірін сақтап қалу үшін Шымкентте донорлық қайырымдылық ісі жиі өткізіледі.
Жуырда үшінші мегаполисте дәл осындай шара ұйымдастырылды. Оған Шымкент қаласындағы №5 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушілері қатысып, қан тапсырды. Қан тапсыру Шымкенттегі облыстық қан орталығында жүргізілді.
Өз кезегінде өрт сөндірушілер адамдардың өмірін құтқаруға дәл осылай қан тапсыру арқылы ықпал ету құптарлық іс екенін айтуда. Олар өздерінің жұмысын адамдарды тек қызыл жалыннан ғана қорғап қалумен ғана шектелмеуі қажеттігін, жұмыстан тыс кезде де оларды қауіптен құтқаруды ұмытпау азаматтық парыздары деп түсінетіндерін жеткізді.
М. ӘБДІРАЙЫМ.