АБАЙ АҚЫННЫҢ МҰРАСЫ –ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ САРҚЫЛМАС АСЫЛ ҚАЗЫНАСЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың мамырында 2020 жылы Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Бұл мақсатта қазірден бастап қазақтың мақтанышы Абай атамыздың құрметіне арналып жер жерлерде түрлі шаралар өткізіліп жатыр.
Осы аптада Шымкенттегі Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында «Абай даналығы – халық мұрасы» атты іс-шара өткізілді. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткен бұл шара данышпан ақын, ғұлама ойшыл хакім Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Ғибратты әңгімелер тізбегі тілге тиек етілген бұл жиынға мәдениет саласының қызметкерлері, БАҚ өкілдері мен әдебиет сүйер қала тұрғындары қатысты.
Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Әбдіжаппар Сәкен Абай мұрасын дәріптеуге арналған шараларды жүйелі түрде өткізіп тұру, сол арқылы ақынның көркем құндылықтарға бай әдеби шығармаларын ұлықтау ұлттық рухымыздың құрымауына оң әсерін тигізетінін айтты. Ал «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің меңгерушісі Зәуре Оралбаева болса тағылымды іс-шарадан алған әсерін «Абайдың қара сөздерін адам баласы туылғанынан бастап өмірінің басты ұстанымы етіп алса артық болмайды» деген ойларды өрілту арқылы жеткізді.
Жиынды қорытындылаған орталық директоры, мәдениет саласының үздігі Жәнібек Тағаев өз сөзінде «Абай шығармаларын жас ұрпақ бойына ана сүтімен сіңіруге, қадір-қасиетін түсіндіруге әрбір қазақ атсалысу керек, ақын мұрасы – халқымыздың сарқылмас асыл қазынасы болып қала бермек» деп шараға келген қонақтарға алғысын білдірді.
Естеріңізге сала кетсек өткен айдың басында Елімізде Абай Құнанбаевтың өлеңдерін оқу эстафетасы басталып, оған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, министрлер, әкімдер, әншілер мен депутаттар және өзге де барлық азаматтар белсене қатысқан-тын.
С. НҰРАЙ.