Ардагерлер асыл жандар

Әр аптаның Арыс қаласына жәрдем берушілер саны толастар емес. Жалпы қазақтың баршасы кешегі зұлмат Ұлы Отан соғысын бастан аяқ көріп келген, сол алапат майданда бірліктің, ауызбіршіліктің, қайсар ерлікпен жауын жеңіп келген батырлардың ұрпағы болғандықтан болар көмекке қолын созуға даяр.
Барлығы Бұл жайсыз жағдайға Созақ елі өзінің елдігін танытып, қолдағы барын қандастарынан аяр емес.
– Созақ ауданы бойынша аудан ардагерлері де басқа мемлекеттік мекемелерден бөлек өз алдыларына жәрдем жасауға ат салысып, ұйымдастыру шараларына білек сыбана кірскен болатын. Ауданның ауылдары мен елді мекендерінен осы бастамаға үн қосып қаржылай, заттай шама шарықтарына қарай қарасып бағуда. Біздегі жұмыс мұнымен тоқтамайды. Әлі де қолда бар мүмкіндіктермен жұмыс жасай береміз,-дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов.
Өткен аптада Құмкент ауыл әкімдігінің Созақбай Асқанбеков бастаған бір топ ардагер азаматтары Арыс қаласына барып, өздері жинаған, ауыл азаматтары аманаттаған 150 мың теңге көлемінде қаржысын Арыс қаласының мешітіне апарып тапсырып, қала тұрғындарының хал жағдайларын өз көздерімен көріп қайтты.
-Біз ауыл ардагерлері Арыс қаласына барып, қала тұрғындарын, ондағы атқарылып жатқан көмек жұмыстарын өз көзімізбен көріп, жылы сөзімізді, қайырлы істері жасап жатқан құрылыс жұмыскерлеріне ризашылық алғыстарымызды, ақсақалдық ақ баталарымызды беріп қайттық. Бір таңқаларлығы қала ортасындағы Алланың үйі-мешіттің оқ пен оттың ортасынан аман бүлінбей қалуы еді. Ол да болса Жаратқанның ісі шығар. Ел-жұрт паналасын деген шығар. Имандылық пен ибалыққа, жақсылық пен сабырлылыққа шақырып, ынтымақ пен бірлік имандылық арқылы келерін білгізіп қараша халықты, өз құдіретімен шексіз сендірмекке ниеттеген болар. «Көп түкірсе көл болар» демекші Құмкент ауылы тұрғындарының сәлемін жеткізіп, сол мешіт үйіне барымызды тапсырып келдік,-дейді ауыл ардагері Созақбай аға.
Республикамыздың түкпір-түкпірінен көмекке келген жұртшылық шілденің шыжыған ыстығына қарамай жұмыла жұмыс істеуде. Бірлік бар жерде берекелі тірлік, азаматтық ірілік барын бағалаған халықтан асқан дана болмас.

Мақсат Қарғабай,
Созақ ауданы.