ЖЕЛІДЕГІ БЕЛСЕНДІЛІК ШЕНЕУНІКТІ ОРҒА ЖЫҚТЫ МА?

Бұл аптаның келбеті әдеттегідей өтпеді. Сейсенбі түс ауа қаланың әкімі жаңарды. Ғабидолла Әбдірахымов қызметінен босатылып, мегаполис басшысы болып Ерлан Айтаханов тағайындалды. Ол оған дейін Түркістан облысы, Отырар ауданының әкімі болған.

Шыны керек Қазақстанның үшінші алып шаһары саналатын Шымкентке үш рет (авт.: 2015 жылдың тамыз айы, 2018 жылдың маусым айы, 2019 жылдың маусым айында Қазақстан Республикасы Конституциясының 87-бабының 4-тармағына сәйкес қайта тағайындалды) әкім болып тағайындалған Ғабидолла Әбдірахымовтың дәл бұлай «тақтан түсерін» ешкім білмеді. Ондай болжам да болмады.
«Отыз тісінен шыққан» біраз сөзі жұртқа тез тарап, әп-сәтте журналистер материалдарының тақырыптары болып шыға келетін Әбдірахымов түнеукүні Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Шымкент қаласын дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарын» бекітіп, он бағытты қамтитын сол құжатты іс жүзіне асыруға білек сыбана атқаруға кірісіп кеткен еді. Ол аталған мерзімге дейін Шымкенттің ешбір тұрғыны жарық, жылу, ауыз су және көгілдір отын мәселесі үшін көңілдері күпті болмайтынын мәлімдеген-тін.
Таяуда ғана Лондонға барған сапары кезінде Еуропалық реконструкция және даму банкінің өкілдерімен болған келіссөздің түпкілікті мақсатын сол кешенді жоспарда көрсетілген бағыттарды іске асырумен сабақтастырған. Осы сапары кезінде болған сол келіссөзден кейін, бірер тәулік өткеннен соң ол, инстаграм желісі арқылы Лондоннан сәлем жолдап, барша жұртты Қазақстанда еңбек етіп, шетелде демалуға шақырған. Өз кезегінде оның бұл қылығын біраз жұрт «тойып секіредінің» керіне балаған. Кейбір КВН ойыншылары оның бұл әрекеті төңірегінде пародия жасап, онысын әлеуметтік желіге жүктеп жатты.
Ел арасында теріс пікір орнатқан бұл бейнежазбасы үшін Ғабидолла Рахметоллаұлы қандай да бір опық жеймін деп мүлдем ойламағаны анық. Себебі ол, Лондоннан келген бойда кримоногендік ахуалы алаңдатарлық «МЖК» аумағында ай-күннің аманында қараусыз қалған гараж ішінен 3 жасар қызының өлі денесін тауып, қайғыдан қан жұтып отырған шаңыраққа бас сұғып, көңіл айтып, балаларды қараусыз қалдырмас үшін ата-аналар жауапкершілігін арттыруға кірісіп кеткен-тін. Қаладағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап, Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарын пысықтап, сенбілік шараларына қатысып алаңсыз жүрген еді. Бірақ…
Аптаның екінші күні Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің басшысы Қырымбек Көшербаев Шымкентке келіп, қала активін шұғыл жинап, Ғабидолла Әбдірахымовты отставкаға жіберіп, Президент Жарлығымен оның орнына Ерлан Айтахановтың тағайындалғанын айтты. Қырымбек Көшербаев Ғабидолла Рахметоллаұлының орнынан алынуын Президент пен Үкімет артқан сенімді толық сезіне алмағанын, сондықтан да оған берілген сенім лимиті таусылғанын жасырмай жайып салды. Және де ол экс-әкімнің әлеуметтік желідегі қылықтары билік талаптарына кереғар келетінін айта келе, шен-шекпенділердің өздерін суда жүзген жайындай еркін ұстауы мемлекеттің абыройын түсіретінін ескертті.
Былайғы жұрт Ғабидолланың қызметтен кетуін оның әлем-жәлем болған әлеуметтік желіде жұрттан ештеңе жасырмай, әр қадамы жөнінде жазба қалдыруынан болды деп болжайды. Ал Қырымбек Көшербаев болса, Әбдірахымовтың бұл белсенділігін ұнамсыз әрекеті деп атап көрсетіп, биліктің оған деген саяси сенім лимитінің неге таусылғанын ашып айтпады. Жұртшылық бұл ауыс-түйісті саяси астары бар шешім деп те жорамалдады. Қайткен күнде де ақиқаттың ауылына қай нұсқаның енетінін тақсыр уақытқа салған дұрыс сияқты.

Экс-әкім топ жарған рейтингтер

«Қызмет қолдың кірі». Әкімдер келеді, кетеді. Бірақ олар халық жадында атқарған тірліктерімен есте қалады. Сонымен 2015-2019 жылдар аралығында Шымкент қаласын басқарған, оның арасында бірнеше ай «Нұр Отан» партиясының хатшысы болған Ғабидолла Рахметоллаұлы ел есінде несімен есте қалды? Және ол халыққа қандай уәде берді?
Әңгімені тым әріден созбай, тек осы жылды ғана қамтып, қозғасақ…
Жыл басында «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы» қоғамдық қорының сарапшы мамандары еліміздегі 17 өңір әкімдерінің 2018 жылдың екінші жарты жылдығындағы жұмыс тиімділігі рейтінгісін жариялады. Әкімдердің іскерлігі 7 балдық шкала бойынша анықталған бұл рейтингте Ғабидолла Әбдірахымов үшінші орыннан көрінген. Алдын ала жүргізілген сауалнама кезінде халықтың басым көпшілігі экс-әкімнің жұмысын оң бағалайтыны баса айтылған.
Бұдан бөлек, қаңтар айының екінші онкүндігінде отандық БАҚ қай аймақтың әкімі сымбатты екені жөнінде онлайн түрде сауалнама жүргізген. «Еліміздің ең келбетті әкімі кім?» атты бұл сауалнамаға Қазақстан өңірлеріндегі 13 әкімнің суреттері ұсынылған. Сонда Ғабекең ең көп дауыспен (1800 дауыс) бәрінен озып, жеңіс тұғырынан көрінген.

Алға қойған жұмыстар жүзеге асты ма?

Түрлі рейтингте топ жарған экс-әкім жыл басында А. Байтұрсынов көшесі алдағы уақытта Шымкенттегі ең әдемі көше болатынын, ол жерде жаяу жүргіншілер мен велосипедке отырғандар үшін қолайлы жағдайдың барлығы қарастырылатынын баса айтқан. Қазіргі таңда аталған көшеде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мердігер мекемелердің орындаған жұмыстары экс-әкім айтқан болжамдармен қалай дөп келетінін уақыттың өзі көрсетеді.
Жалпы әкім айтқан сөздердің барлығы жүзеге асып жатыр ма әлде жоқ па? Солардың бірқатарына сараптау жасасақ…
Биыл ақпан айының бел ортасында Ғабидолла Әбдірахымов Шымкенттің сол кездегі басшысы ретінде 2018 жылы атқарылған жұмыстарын қорытындылап, алдағы жоспарымен бөлісіп, халыққа бірталай уәде берген.
Мәселен, ол үш ауысымда білім беретін мектеп мәселесі 2021 жылы түбегейлі шешілетінін, қуаты 220 кВ «Бозарық» подстанциясының құрылысы желтоқсанға дейін аяқталып, жарық барлық жерге жететінін мәлімдеген. Бұл бағытта қалада біраз жұмыстар атқарылғанмен, істі аяғына дейін жеткізу қазіргі әкімнің құзырына беріліп отырғаны анық.
Сонымен қатар ол, «Қошқар ата өзені бойында абаттандыру, көріктендіру жұмыстары үшін сүрілетін үйлердің иесімен келіссөз жүргізу кезінде олардың көңілдеріне қаяу түсірмеймін» деген сөзінің үдесінен шыға білген сыңайлы. Себебі, қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар ың-шыңсыз атқарылуда. Есеп беру жиыны кезінде Қажымұқан атындағы орталық стадионды УЕФА талаптарына сай қайта қалпына келтіру жұмыстары басталатынын да нық сеніммен айтқан. Алайда ол бойынша нақты жұмыстар қолға алынбады. Бұған кейбір спорт сарапшыларының «Еуропа елдеріне халықаралық талаптарға сай келетін алаңдарды қайта қалпына келтіру былай тұрсын, барлығын басынан бастап салу үшін де мұндай ақша жұмсалмайды» деп пікір білдіруі өзінің әсерін тигізгені құпия емес.
Осы халыққа берген есепті кездесуі кезінде ол көктемде «Асар-2» шағынауданында 1200 орынға лайықталған мектептің құрылысы басталатынын айтқан. Ол дәл көктемде басталмаса да, құрылысы кейіннен қолға алынған. Сондай-ақ ол, осы жылы «Фосфоршылар» емханасына биыл жөндеу жұмыстары қарқын алатынын мәлімдеген. Бірақ онысы сөзден іске көшпеді.

Аквапарк, аурухана…

Қиян-жоян жоспар құрдымға кетпей ме?
Жалпы экс-әкімнің алға қойған жоспары қиян-жоян еді. Айталық ол алдағы екі жылда непалдық миллиардер құйған инвестиция арқылы қалада аттракционы көп аквапарк бой көтерітінін, сингапурлық инвесторлар есебінен «Шымкент сити» қалашығынан бірнеше балабақша мен мектептер салынатынын, тамыз айында тағы да сол инвесторлардың есебінен 1000 орынға лайықталған аурухана мен бір ауысымда 700 адамды қабылдауға қауқарлы консультациялық-диагностикалық орталықтың құрылысы басталатыны және тағы басқа таңдай қақтырарлық жобаларын жұртқа жариялап үлгерген.
Экс-әкім өзіне жүктелген қызметтер мен міндеттердің орындалуы туралы мәслихат депутаттарына берген есебінде жыл аяғына дейін 3625 пәтерде қоныстой болатынын да қадап айтқан. Шымкент қаласы əуежайында жаңа жолаушылар терминалы іске қосылып, нәтижесінде ондағы жолаушылар ағымы 10 есеге артатынын, теміржол вокзалына жаңғырту жұмыстарын жүргізудің арқасында нысан 9 мыңға жуық жолаушыны қабылдай алатын қауқарға жететін жеткізген.
Олардың нәтижесі қалай болары алдағы уақыттың еншісінде.

Ұтырлы сөздері ұпай әкелді

Бұл жылы әкімнің аузынан шыққан біраз сөздері оған зор ұпай әкелді. Мәселен, халыққа 2018 жылы атқарған жұмыстары бойынша есеп беру жиыны кезінде, баяндамасын оқып болғаннан соң «Әдетте, депутаттар жарыссөзге шығып әкімді мақтап жатады. Олай жоғарыға шығып мені мақтаудың қажеті жоқ. Сол үшін де сұрақ-жауапқа тезірек көшейік. Уақытты да тиімді пайдаланайық» дегені тұрғындардың есінен біразға дейін кете қоймады. Жұрт оның бұл сөзін ду қол шапалақпен қолдап, қуаттап жатты. Себебі, депутаттар мен ардагерлердің мінберге шығып әкімдерді әсіре мақтаудан, оны жақсы сөз, жылы қабақпен демеуден халық әлдеқашан жалыққан.
Өткен айда Нұр-Сұлтанда Үкіметтің кеңейтілген отырысынан соң «Шымкентте алып қашу деген ескі дәстүрмен күрес қалай жүріп жатыр?» деп сұрақ жолдаған журналистке, «Бізде қызды еркінен тыс ешкім алып қашпайды. Бұл қала туралы қауесет. Меніңше кейбір қыздардың өздері алып қашқанды қалайтын сияқты» деп жауап қатқан. Оның ел арасына тез тарап, ғаламторға шығып кеткен бұл пікірі адамдардың жүзіне ерекше жымиыс орнатқанын да жаза кетейік.

Олқы тұстар, орындалмаған уәделер

Десе де, оның ағаттық танытқан әрекеттері де болды. Ақпан айында халыққа берген есебі кезінде өзіне сұрақ қою үшін микрофон жанында ұзын-сонар кезекке тұрған әйелдерді байқаған Ғ.Әбдірахымов «күні ертең яғни, сенбі күні сағат 11:00-де әкімдіктің екінші қабатында мен көп балалы аналарды қабылдаймын. Барлық көп балалы аналарды шақырамын. Сұрақтарыңызды сол жерге қойсаңыздар болады»-деп, келесі тәулікте белгіленген жерге айтқан уақытында ат ізін салмағаны біраз тұрғынның ашуын тудырды.
Тағдыры қыл үстінде тұрған балалар теміржолын қайта қалпына келтіру немесе оны сүру жөнінде де қоғамдық тыңдау өткіземін дегені де орындалмады. Көктем келіп, жер қарайған кезде велосипедке отырамын дегені де жәй сөз болып қала берді.
Кәсіпкерлерге аллея салу туралы кеңес берген Әбдірахымов 19-маусым қала күні қарсаңында әнші Қайрат Нұртасқа Шымкент қаласының Құрметті азаматы атағын бергеніне біраз журналистер мен блогерлер сыни пікір білдіргенін де айта кетейік. Блогер демекші қызметінен босаған оған кейбір желі қолданушылары әлеуметтік желідегі белсенділігін пайдалануға шақыруда. Яғни, блогер болу жайында кеңес беруде. Оған да негіз жоқ емес. Себебі, сәуір айында ашылған оның инстаграм парақшасына небары төрт айдың ішінде 200 мыңнан астам адам жазылып үлгерген. Мұндай жазылым жинау кез келгеннің қолынан келе бермейтіні айдан анық. Оған да белсенділік пен ізденістің қажет екені сөзсіз. Оның желідегі белсенділігі биліктегілерге ерсі көрінгенмен былайғы жұртқа сүйкім тудырған.
ТҮЙІН: Шымкенттің экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымов туралы жазылған бұл мақала арқылы біз пәлендей теріс ой тудыруды мақсат етпедік. Басты мақсат оның қол жеткізген жетістігін көрсетіп, жүзеге аспаған жұмыстарын баяндай отырып, оған қазіргі әкім Ерлан Айтахановтың назарын бұру болды. Қызметінен алынған соң Ғабидолла Әбдірахымов қала халқына ризалық білдіріп, әр нәрсенің соңы боларын айтып өткен. Сол сынды ешкім өзіне берілген қызметте өмір бойы қалмайды. Жұмсақ креслода мәңгілік отырмайды. Әкім қаралар кез келген уақытта «аттан ауып, тақтан түсері» анық. Ең бастысы, істелінген жұмыстар жұрт жадында мәңгі сақталатыны ақиқат. Осындай мақсатпен шымкенттіктердің көңілінен шығуға барын салған Ғабидолла Әбдірахымовқа біз тек сәттіліктер серік болсын деп тілейміз.

А. САТЫБАЛДЫ.