Маңызды

2020 ЖЫЛЫ «АҚЖАР» ШАҒЫНАУДАНЫНА ГАЗ ҚҰБЫРЫ ТАРТЫЛАДЫ

Шымкент мегаполис болғанмен, орталықтан шалғай жатқан шағын аудандарда әлі жарық, жол, ауыз су және көгілдір отын мәселесі түбегейлі шешімін таппағаны жасырын емес. Бұл мәселені шешу мақсатында қазіргі таңда қаладағы «Асар-2», «Ақжар» және «Достық» шағынаудандарында инженерлік инфрақұрылым жұмыстары жүргізілуде.

Мәселен, 11 мыңға жуық тұрғыны бар «Асар-2» шағынауданын сапалы жарықпен қамтамасыз ету үшін құрылыс монтаж жұмыстары жүргізілуде. Алдағы қыркүйек айында шағынаудандағы 2765 тұрғын үйге жарық беріле бастайды. Электр желілерінің жалпы ұзындығы 87,1 шақырымға жалғасады. Бұдан бөлек асарлықтарды ауыз су, көгілдір отын кәріз жүйелерімен қамтамасыз ету үшін тиісті жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Аталған шағын ауданда қоғамдық көлік мәселесі өзекті болып тұр. Сала мамандары ол үшін жолдарға асфальт төсеу жұмыстары жолға қойылуы керектігін айтуда. Осы бағытта барлығы 4,9 шақырымға жалғасатын бірқатар көшелерге (атауы жоқ №8 көшеден А-2 автожолына дейінгі аралықта) асфальт төсеу үшін құрылыс жұмыстары жоспарланып, оны қыркүйек айына дейін аяқтау межеленген. Жалпы алдағы уақытта «Асар-2» шағынауданында 47 шақырымды құрайтын жолға асфальт төсеу мақсат етілген. Ал аудандағы 3000-ға жуық үйге 2021 жылға дейін көгілдір отын жеткізілетін болады.
Сонымен қатар, «Ақжар» шағынауданына ауыз су жүйесі мен электр желілері тартылмақ. Келер жылы газ құбыры мен кәріз жүйесінің құрылысы қарқын алмақ.

М. Әбдірайым.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру