Маңызды

МОБИЛЬДІК АЗАМАТТАР БАЗАСЫНА 200 МЫҢҒА ЖУЫҚ ШЫМКЕНТТІК ТІРКЕЛГЕН

Жаһандану талаптарына бейімделген кез келген мемлекетте сандық технологияны дамытуға үлкен мән беріліп келеді. Себебі ол, сыбайлас жемқорлықты алдын алады, уақытты үнемдеткізеді. Адамдардың артық сабылуын біржола тоқтатып, санасына артық салмақ түсірмейді. Сандық технологияны дамыту үшін елімізде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қолға алынғаны белгілі.

Шымкентте аталған бағдарлама аясында түрлі жобалар қолға алынып, бірнеше міндеттер жолға қойылуда. Жуырда ғана қалада қоғамдық көліктер бағытын бақылайтын 2ГИС мобильді қосымшасының пайда болуы сол сөзіміздің дәлелі.
Жергілікті тұрғындардың сандық технологияның тиімділігін барынша кең пайдалануын іске асыру басты бағыттардың бірі. Осыған орай таяуда Шымкентте адам көп шоғырланатын қоғамдық орындарда, атап айтқанда, халыққа қызмет көрсету орталықтары аумағында, автокөлік сатылатын базарлар мен дүкендерде және т.б орындарда «Қалтаңыздағы ХҚО» акциясы өткізілді.
Шара барысында ұйымдастырушылар тұрғындарға нұсқаулық буклеттер таратты. Ол парақшада Egov.kz, Mgov.kz, телеграмдағы EgovKzBot туралы толыққанды деректер топтастырылып түсіндірілген. Насихат парақшалары таратылып қана қоймай, біраз азаматарға ЭЦҚ (электронды цифрлы қолтаңбаны) рәсімдеу мен мобильдік үкіметте тіркелу жолдары түсіндірілді. Айыппұл мен салықтарды онлайн түрде қалай төлеу керектігі жөнінде де нұсқаулар берілді. Мамандар көптеген азаматтарды жүргізуші куәліктерін ауыстыру мен автокөлікті тіркеу сынды мемлекеттік қызметтерді портал арқылы қалай алу керектігі жөнінде де құлағдар етті.
Жалпы ағымдағы жылдың 6 айында электронды үкімет арқылы 600-ден астам адамға жүргізуші куәлігі беріліп, 1000-ға жуық автокөлік тіркелген.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Данабек Исабеков «Қалтаңыздағы ХҚО» акциясының басты мақсаты – мобильдік қосымшалар мен электрондық үкімет порталының мүмкіндіктерін халыққа насихаттау, сол арқылы сала мамандарының жұктемесін азайту екенін алға тартты.
Жалпы азаматтар тelegram-дағы EgovKzBot-ты тұрақты түрде қолдану үшін мобильдік азаматтар базасында тіркелуі қажет. Ал бұл базаға тіркелу egov.kz электрондық үкімет порталының жеке кабинетінде немесе ХҚКО-да жүзеге асыруға болады.
Қазіргі таңда бұл базаға тіркелген шымкенттіктердің саны 200 мыңға жуықтайды.
Ал «Қалтаңыздағы ХҚО» акциясы аясында 300-ден астам Шымкент тұрғындарыа онлайн қызметтердің артықшылықтары түсіндірілді.

С. НҰРАЙ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру