ЖҮРГІЗУШІ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ТҮСІНДІРІЛДІ

Аптап ыстықта тілсіз жау саналатын өрт оқиғаларының жиі тіркелетіні жасырын емес. Тиісті мамандар өрттің орын алуын алдын алуды ең әуелі азаматтардың жауапкершілікті сезіне алуы аса маңызды екенін айтуда. Осы мақсатта Шымкент қаласының төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері жол-патрульдік полиция қызметкерлерімен бірге Ташкент тас жолы бойына рейд жұмыстарын жүргізді.
Шара барысында тиісті мамандар автокөлік жүргізушілеріне өрт болған жағдайда қандай іс-әрекеттерді едел-жедел атқару керектігін түсіндірді. Қазіргі таңда көліктерде болып жатқан өрттің негізгі себептерін айтып, оларға оны алдын алу туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.

Қоғамдық іс-шараға «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының «Jas Otan» Жастар қанатының мүшелері де қатысты. Өз кезегінде олар жүргізушілерге автокөліктерде өрт қауіпсіздігін сақтаудың ережелері жазылған жадынамаларды таратты.
Сала мамандары әдетте темір тұлпарлардағы өрттің шығуына ондағы электр сымдарының қысқа тұйықталуы мен техникалық жағдайының сын көтермейтіндігі себеп болатынын алға тартты.

С. НҰРАЙ.