Маңызды

БАСТЫ МІНДЕТІМІЗ — ЕҢБЕККЕРЛЕРДІҢ МҰҢ-МҰҚТАЖЫН ҚАНАҒАТТАНДЫРУ

«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы»
аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы
Берік Бекжановпен сұхбат.

– Берік Айдарбекұлы, осыған дейін бірнеше қызметте болып, абырой биігінде жүріп жұмыс атқарғандыңызға ел куә. Бүгінде өзіңіз басқаратын кәсіподақ ұйымдарының жұмысына да жан бітіп, қан жүгіріп келеді. Сең қозғалды. Ұйым өкілдерінің белсенділігі артып келеді. Дегенмен, халық арасында кәсіподақ ұйымдарының маңыздылығы мен міндеттерін жіті түсіне бермейтіндер жоқ емес. Осы тақырыпқа кеңірек тоқталсаңыз….

– Көп рахмет жылы пікіріңізге. Біз бүгінде кәсіподақтың негізгі мақсаты мен міндетін халыққа етене түсіндіру үшін көптеген жиындар мен іс-шаралардың ұйытқысы болып жүрміз. Бұл ең алдымен қарапайым халыққа, еңбеккер үшін, жұмыс берушіге маңызды екені белгілі. Біздің алдымызда тұрған ең басты міндет-мақсатымыз – қарапайым жұмысшылардың құқын қорғау, еңбек ұжымында еңбек қорғау және еңбек қауіпсіздігін сақтау.
Сондай-ақ, жұмысберушілердің жұмысшыларға жағдай жасау талаптарын енгізу, зейнетақы қорына қаржы аудармай қолма-қол нақты ақша алуды жою немесе көлеңкелі бизнестен ашық бизнеске өтуді қолдау, жұмыс берушілердің жұмысшыларға ай сайын жалақыларын мерзімді төлеуін қамтамасыз ету ең бастысы, жалақы қарыздарын болдырмау, мұның барлығы да біз қамтитын мәселелер. Адам өміріне қауіпті және зиянды жұмыстарда жұмыс істегендері үшін қосымша төлемақы алу талаптары бойынша жұмысшылар құқықтарын қорғау да біздің алдымызға көлденең тартылған мәселе.

– Бұл міндеттердің барлығы да маңызды, оларды орындау да оңай шаруа емес. Ол үшін мықты команда қажет. Өзіңіз басқаратын кәсіподақ ұйымдарының құрамымен таныстырсаңыз…

– Сөзіңізбен келісемін. Ал, кәсіподақ құрамына келер борлсақ, Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігімен байланыста жұмыс жасайтын жалпы 2070 кәсіподақ ұйымдары бар, оның 10-ы Түркістан облыстық және 2-уі Шымкент қалалық салалық кәсіподақтар бірлестіктері мен филиалдары, 44-і аудандық филиалдар, өкілдіктер мен жергілікті кәсіподақтар және 2014-і бастауыш кәсіподақ ұйымдары.

– Өзіңіз атап өткендей, жалақы қарыздарын болдырмау – сіздердің міндеттеріңіздің маңызды бір бөлігі. Бұл еңбеккердің маңдай ақы, табан тері. Оның уақытылы төленіп отыруы жұмыскер үшін ғана емес, оның отбасы үшін де маңызды. Бұл бағытта қандай шаралар атқардыңыздар?
– Алдымен Түркістан облысы бойынша тоқталып өтсек. Үшжақты комиссиямен жалақы қарыздарын шешу бағытында тиісті жұмыстар атқарылып, нәтижесі бойынша 2019 жылдың басынан бері 2 мекеменің 73 жұмыскер алдындағы 43,735 млн. теңге жалақы қарызы болса, 6 айдың қорытындысымен олар толығымен жойылып отыр. Биылғы жылдың 6 айында жалақы қарызы бар мекемелер жоқ. Бұдан бөлек, Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметіне сәйкес, бүгінгі таңда облыс бойынша банкроттыққа ұшырап (оңалтылып, таратылып) отырған 2 кәсіпорында 27 жұмыскер алдында 46,1 млн. теңге өтелмеген жалақыдан қарызы қалып отыр. Бұл жұмыс Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде ҚР «Оңалту және банкроттық туралы» Заңына сәйкес жүргізілуде.
Ал, Шымкент қаласы бойынша үшжақты комиссиямен жалақы қарыздарын шешу бағытында тиісті жұмыстар атқарылып, нәтижесі бойынша 2019 жылдың басынан бері 9 мекеменің 819 жұмыскер алдындағы 121,8 млн. теңге жалақы қарызы болса, 6 айдың қорытындысымен оның саны 3 мекемеге азайды және 740 жұмыскердің 107 млн. теңгеге жалақы қарызы өтелді.
Дегенмен, соңғы 6 айда 6 кәсіпорында 79 жұмыскердің алдында 14,6 млн. теңге жалақы қарызы қалып отыр.
Бұдан бөлек, Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметіне сәйкес, бүгінгі таңда қала бойынша банкроттыққа ұшырап (оңалтылып, таратылып) отырған 3 кәсіпорында 73 жұмыскер алдында 12,20 млн. теңге өтелмеген жалақыдан қарызы қалып отыр.
Қазір бұл олқылықтарды жою бойынша да кешенді шараларды жалғастырып жатырмыз.

– Еңбек қауіпсіздігін сақтау мәселесі де өзекті. Бұл бағыттағы жұмыстарыңыз қалай жалғасып жатыр?
– Алдымен осы орайда, сандарды сөйлетіп, атқарған жұмыстарды соңынан баяндасам.
Оңтүстік өңірі бойынша 2019 жылдың 6 айында өңір бойынша жазатайым оқиғалар саны өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 20 оқиғаға азайды.
Оның ішінде, Түркістан облысы бойынша 7 оқиғаға азайды, ал Шымкент қаласы бойынша 13 оқиғаға азайды.
Сондай-ақ, өңір бойынша зардап шеккен адамдар саны 18-ге, қайтыс болғандар саны 6-ға, ауыр жарақат 11-ге, жеңіл жарақат 1-ге азайды.
Атап айтқанда, Түркістан облысы бойынша 2019 жылдың 6 айында 15 жазатайым окиға орын алып, оның салдарынан 23 адам зардап шеккен, оның ішінде әйелдер саны – 2. Жалпы жазатайым оқиғада зардап шеккендердің ішінен – қайтыс болған адам саны – 2, оның ішінде 1-уі қыш қалаушысы биіктен құласа, екіншісі жол жұмыскері эксковатордың астына бастырып қалған. Ауыр жарақат алған адам саны – 9, оның ішінде әйел саны-2. Жеңіл жарақат алған адам саны – 12, оның ішінде әйелдер жоқ.
Ал, Шымкент қаласы бойынша осы кезеңде 24 жазатайым окиға орын алып, оның салдарынан 24 адам зардап шеккен, оның ішінде әйелдер саны – 13. Жазатайым оқиғаның 9-ы құлау, 5-і жол-көлік салдарынан.
Зардап шеккендердің ішінен қайтыс болған адам саны – 3, оның ішінде әйел саны – 1. Оның 3-уі де жол-көлік оқиғасынан қайтыс болған. Ауыр жарақат алған адам саны – 8, оның ішінде әйел саны-3. Жеңіл жарақат алған адам саны – 13, оның ішінде әйел саны – 9.
Еңбек қорғау және еңбек қауіпсіздігі бойынша кәсіподақ ұйымдарымен атқарылған жұмыстар қыруар.
Бүгінгі күнге кәсіподақ мүшелерінің 9960 адамы немесе 6% оқытудан өтті.
Еңбек қорғау және еңбек қауіпсіздігі бойынша 1364 өндірістік кеңес, оның ішінде 1281-і кәсіподақ бастамасымен құрылған.
Жалпы жұмыс жасайтын 1452 еңбек қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың 1069-сі немесе 74% біліктіліктерін көтерген.
Еңбек қауіпсіздігін сақтау бойынша 586 тексерулер өткізілген. Оның ішінде: өндірістік кеңестің бастамасымен 166 тексеру, жұмыскерлердің бастамасымен 125 тексеру және басқа 36 тексеру жүргізілген.
Нәтижесінде, 477 еңбек заңдылықтарын бұзушылық анықталып, ол ескертпелер түзетілген. Қалған ескертпелер бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.
Ескертпелердің 149-сі еңбек қауіпсіздігі жағдайын қамтамасыз етуге қатысты болса, 75-і еңбек қауіпсіздігі Ережесін және нұсқамаларын бұзған, 56-і оқытудан және нұсқаулықтан өтпеген, 10-і арнайы киіммен және жеке қорғаныс киімімен қамтамасыз етпеген, сондай-ақ 187 еңбек қауіпсіздігі бойынша басқа да ескертпелер берілген.
Кәсіпорындар мен ұйымдарда еңбек қауіпсіздігін сақтау және жұмыс орындарында жұмыскерлерге қолайлы жағдай жасау бойынша 106 ұсыныс берілген.
5 жұмыс орнында жұмыс тоқтатылып, оның кемшілігі ретке келтірілгеннен кейін жұмысқа қосылса, оның 3-і станок, машина және құрал-жабдық, ал 2-і өндірістік цех болған.
Кәсіподақ ұйымдары 55 еңбек дауын шешуге және 5 жазатайым оқиға орын алған жағдайларды зерттеуге қатысқан.
50 жұмыс орны аттестаттаудан өткізіліп, өндірістік кеңес жұмыстарындағы еңбек қорғау және техника қауіпсіздігі бойынша 102 семинарлар өткізілген.
– Еңбек дауының түп-төркіні еңбек шарты мен ұжымдық шарттың жасалмауынан орын алатыны белгілі. Сіздердің бұл бағыттағы еңбектеріңізден хабардармыз. Солардың бір парасын қамтып өтсеңіз…
– Дұрыс айтасыз. Еңбек қатынастарының заңдастырылмауы мен мекеме жанынан кәсіподақ ұйымдарының құрылмауы еңбек дауына әкеліп соғатынына уақыт өткен сайын көз жеткізіп келеміз.
Алдымен ұжымдық шарт жасасуға тоқталсақ.
Түркістан облысы бойынша 2019 жылдың басында жалпы 6939 кәсіпорын (2069 мемлекеттік және 4870 жекеменшік) жұмыс жасап тұрған. 2019 жылғы 6 айдың қорытындысымен 4854 (70,0%) кәсіпорында ұжымдық шарт жасалса (оның ішінде жұмыс жасап тұрған мемлекеттік кәсіпорын 1974 немесе 95,4% және жекеменшік кәсіпорын 2880 немесе 59,1%), ал 2085 мекемеде (30%) ұжымдық шарт жасалмаған.
Шымкент қаласы бойынша 2019 жылдың басында жұмыс жасап тұрған жалпы 21661 кәсіпорынның (592 мемлекеттік және 21069 жекеменшік) 1033 (4,8%) кәсіпорында ұжымдық шарт жасалған (оның ішінде: жұмыс жасап тұрған мемлекеттік кәсіпорын 592 немесе 100% және жекеменшік кәсіпорын 441 немесе 2,1%), ал 20628 (95,2%) мекемеде ұжымдық шарт жасалмаған.
Ал, еңбек шартын жасасу мәселесіне келсек, Еңбек қатынастарын заңдастыру мақсатында «Еңбек шартын жасаңыздар» атты Республикалық акциясы «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және ҚР Кәсіподақтар федерациясымен келісіліп, Қазақстан Республикасы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен бекітіліп, іске асырылуда.
Түркістан облысы бойынша осыған байланысты 10 қала, ауданда жұмыс берушілермен және жұмыскерлер арасында 9154 еңбек қатынастары заңдастырылған.
Шымкент қаласы бойынша осыған байланысты 3 мекеменің жұмыс берушілері мен 86 жұмыскерлері арасында еңбек қатынастары заңдастырылған.
– Соңғы кездері халық еңбек дауын шешуде татуласу орталықтарының қызметін де оңтайлы пайдаланып келеді. Мұндай орталықтың бірі былтыр кәсіподақ орталығының жанынан да құрылғанын білеміз. Нәтиже қалай?
– Бұл да болса, кәсіподақ ұйымдарының нәтижелі жұмысы мен халық санасының өсіп келе жатқанын көрсетсе керек. Кәсіподақтар орталығы жанындағы татуласу орталығында ашылғалы жалпы 392 адамға көмек көрсетілген. Оның ішінде, дауларды шешу бойынша 242 адамға және психологиялық көмек көрсету бойынша 150 адамға көмек көрсетілген.
Медиациялық процеспен дауларын шешуге келген азаматтар 242 болса, оның барлық 242-сі бітімгершілікпен сәтті аяқталған. Оның ішінде, еңбек дауы бойынша келгендер 16 болса, оның барлық 16-сы да бітімгершілікпен сәтті аяқталған.

– Әрине, ал кәсіподақтар орталығы жанындағы «Профтур» туризм орталығының да жұмысы жемісті болар?
– Бүгінгі таңға кәсіподақ мүшелері мен өңір тұрғындарының қажеттілігіне сәйкес 13 шипажаймен агенттік келісім жасалған. Бүгінгі күнге жолдама сату жұмыстары басталып, алғашында жалпы 63 жолдама өткізілсе, оның 59-ы шипажайларға және 4-уі балалар жазғы лагеріне берілген.

– Соңғы сауал болсын. Кәсіподақтар бірлестігі соңғы Арыс оқиғасында да белсенділік көрсетті. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, халыққа бар қызметті көрсетіп бақтыңыздар, Берік Айдарбекұлы, жойқын жарылыстан зардап шеккен тұрғындарға қалай қамқор бола білдіңіздер?
– Арыста орын алған оқиға жалпы қоғамды біріктірді деп айтуға болады. Бұл жағдай біздің елдігімізді, көпшілдігімізді көрсете білді. «Әр қазақ менің жалғызым» деп білетін азаматтарымыз барын салып көмек көрсетті.
Кәсіподақтар бірлестігі де қамқорлықтан шет қалмай, көпшілікпен бірге халықтың қиын-қыстау кезеңнен шығуына атсалысты.
Жалпы кәсіподақ өкілдері арыстықтарға 30 млн. теңге көлемінде материалдық көмек көрсетті.
Кәсіподақ бірлестігінің бастауымен Арыста «Бірыңғай қызмет көрсету орталығы» ашылды.
«Келешек» жастар қанатының белсенділері Арыста сенбілік ұйымдастырды.
Төтенше жағдайға байланысты Арыс қаласынан келген азаматтарға кәсіподақ орталығының «Южказпрофсервис» ЖШС-і жалпы сомасы 720,0 мың теңгенің көмегін көрсетті. Оның ішінде азық-түліктер және киім-кешектер, төсек орындары, тазалық заттары, балалар ойыншықтары, және тағы басқа да керекті заттармен қамтамасыз етілді.
Бұдан бөлек, оларға «Южказпрофсервис» ЖШС-нің есебінен 4 мезгіл ыстық тамақ берілді.
– Елге жасаған жақсы істеріңіз өздеріңізге еселене жақсылық болып қайтуды жазсын. Ашық-жарқын сұқбатыңызға алғысымызды білдіреміз!

Сұхбаттасқан:
С. НҰРАЙ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру