ТМД-ға тандырымен танылған Тұрғынбай

Жетісай ауданы, Жаңаауыл округі, Мырзашөл ауылының 78 жастағы тұрғыны Тұрғынбай Ізбасаров 60 жылдан бері тандыр дайындаумен айналысып келеді. Осы жылдар аралығында ол қаншама шәкірт тәрбиелеп, ТМД- елдеріндегі сапалы тандыр жасаушылардың бірі әрі бірегейіне айналып үлгерген. Бүгінде оның қолынан шыққан тандырлар көршілес Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен бөлек, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Қарағанды, Павлодар, Түркістан облыстарына кеңінен қолданыста жүр. Қазіргі таңда Тұрғынбай ақсақалдың шағын цехында айына 100-ге жуық түрлі көлемдегі тандыр шығарылса, 2 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
«Тандыр дайындау ісін 17 жасымнан үйрене бастадым. Алғашында Ташкент қаласындағы ұсталарға шәкірт болып еңбек еттім. Кейінірек, Атакент кентінде 20 жылдай тұрып, осы кәсіптің берекесін көрдім. Бүгінде өзімнің денсаулығым сыр бере бастағаннан соң, бұл кәсіпті балаларым мен жиендерім мықтап қолға алды», — дейді Тұрғынбай ақсақал.
Қазіргі таңда шағын цехта қызу жұмыс жүріп жатыр. Мұнда тандырдың сан түрін кездестіруге болады. Бағалары да әр түрлі. Ең арзаны яғни шағын тандыр – 3 мың теңге тұрады. Ал адам бойымен бірдей үлкен тандырдың бағасы 30 мың теңгеге дейін барады екен. Сапалы тандырға қажетті ең басты дүние – сары топырақ. Бұл шикізатты ұста көрші Сарыағаш ауданынан сатып алады екен. Ал екінші шикізаттың түрі – кәдімгі ешкі мен қойдың жүні. Қалған тірлік топырақты иіту мен илеуінде дейді ұста.
Тұрғынбай ақсақал шағын кәсіпорынның атын «Тандыр» деп атапты. Мұнда әзірленген тандырдың кемінде 3 жыл толық пайдалануға болады екен. «Ол үшін аз ғана күтім керек. Бастысы – сатып алған адамдардың алғысын алып жүрміз. Тапсырыс берушілердің қатары жыл санап артып отырғанының кепілі біз жасаған тандырлардың сапасында деп ойлаймын» дейді Тұрғынбай Ізтілеуов.
Бір сөзінде ақсақал жұмыс жоқ дегендерді түсінбейтінін айтады. Ебін тауып, іс қылса, ешкім ешкімге алақан жаймайды деп есептейді. Сондықтан 80-ге аяқ басқан ақсақалдың бүгінгі кәсібі талайларға ой салар деген ойдамыз.

Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Суретті түсірген:
Қуаныш Әуелбеков.