Аптап ыстық мыңдаған адамды әбігерге салды

Жапонияда жаңбыр маусымы аяқталды. Соған орай күн күрт ысыған. Ауа температурасының бірден көтерілуі мыңдаған адамды әбігерге салған. Жапония елінің өрт пен табиғи апатқа қарсы күрес агенттігінің дерегіне сәйкес бір апта ішінде, дәлірегі 22-28 шілде аралығында аптап ыстықтан 11 адам көз жұмып, 5664 тұрғын ауруханаға жеткізілген. Тиісті мамандар мұндай күн райына шыдас бере алмай жатқандардың тең жартысынан астамы егде тартқан азаматтар екенін мәлімдеуде. Өз кезегінде олардың басым көпшілігі артық коммуналдық төлем жасамас үшін үйлерінде ауа баптағыштарын қоспайтыны белгілі болған.
Дәрігерлер ауа температурасының көтерілуінен денсаулықтары сыр берген 100-ден астам адамның кем дегенде үш апта бойына ауруханада ем-дом алу қажеттігі жөнінде кеңес беруде. Сонымен қатар олар, 1792 адамның халі ауыр екенін айтқан. Ал синоптиктер болса алдағы күндерде де Жапонияда ауа температурасы орташа көрсеткіштен жоғары болатынын хабарлауда.

uakit.kz