АЛАҚАНЫҢЫЗДАҒЫ ҚҰРЫЛҒЫ АРҚЫЛЫ АВТОБУСТАР ҚОЗҒАЛЫСЫН БАҚЫЛАЙСЫЗ

Халқы күн санап көбейіп жатқан Шымкентте жолаушылар ағыны әрдайым жоғары екені белгілі. Қоғамдық көліктердің жолаушыларға лық толмай жүруі өте аз кездеседі. Бұл жергілікті тұрғындар үшін ыңғайсыздық тудырып жататыны жасырын емес. Енді «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының арқасында жолаушылар осындай сапырылысқа тап болмайтын болды.
Өйткені Шымкентте автобустар қозғалысын бақылайтын 2ГИС қосымшасы іске қосылды. Қазақстан бойынша алғаш рет үшінші мегаполисте іске қосылған мобильді қосымша арқылы тұрғындар аялдамада артық кідіріп, уақытын зая кетірмейтін болады. Қалай?
Ең алдымен смартфоныңызға 2ГИС картасы мобильді қосымшасын жүктейсіз. Одан соң қандай да бір қоғамдық көліктің қозғалысын яғни, қай жерде келе жатқанын көріп, бағдар алуыңыз үшін косымшаны ашып, экранға шыққан картадан аялдама белгісіне саусақ ұшын тигізесіз. Сол сәтте жан жаққа ағылған автобустардың қозғалысы экран бетіне шыға келеді. Осылайша сіз аялдамаға қандай көліктің келе жатқанын анық көре аласыз. Сізге қажетті нақты автобустың қайда келе жатқанын көру ү шін басқа нұсқа іздеу деген жолға сол бағытта қатынайтын қоғамдық көліктің нөмірін теру арқылы біле аласыз. Мамандар осы қосымша арқылы енді шымкенттік тұрғындардың өзіне қажетті қоғамдық көліктің бағытын алдын ала көріп, «күткен автобусым қашан келеді екен?..» деп артық алаңдамайтынын алға тартуда.
Сонымен қатар діттеген жеріне апарады деген көлігінің аялдамаға келер сәті сәл ұзақтау боларына картадағы қозғалыстар арқылы анық көз жеткізіп тұрса, оған балама болатын көлік табуға мүмкіндік алады. Және де мінетін автобуста орын аз болса, келесі көлікті к үтуге қанша уақыт кететінін біліп, бағдар жасайды.
Мобильді қосымша онлайн түрде жұмыс істейтіндіктен, ұялы байланыс телефоныңыздың әрдайым интернетке қосулы болуы маңызды. Бірегей жоба Шымкент қалалық цифрландыру басқармасынан ГЛОНАСС спутнигі арқылы келіп түседі. Ондағы бағдар-ламалар ең аз кідіріспен жаңартылады. Мәселен, егер де автобустар көлік кептелісінде тұрып қалса немесе белгілі бір с ебептермен бағытын тоқтататын болса, бұл өзгерістер картада бар болғаны 30 секунд ішінде бейнеленіп тұрады.
Мобильді қосымша Қазақстанда алғаш рет Шымкентте қолданысқа енгізіліп жатыр. Мұндай қызмет Ресей Федерациясының Мәскеу, Санкт Петербург және Новосібір сынды бірнеше қалаларында пайдаланылады.