Тұрақтылық тәуелсіздік тұтқасы

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облыстық өкілдігі мен «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» ұйымдастыруымен алдымен Бәйдібек ауданында, одан Созақ ауданында се-минарлар ұйымдастырылды.
Созақ ауданының имамдары мен облыс орталығынан келген теологтар қатысқан семинар сұрақ-жауап форматында өтті. Облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» басшысының міндетін атқарушы Медет Халықов «Абай Құнанбайұлы және Шәкәрім Құдайбердіұлы еңбектеріндегі дін мәселелері» тақырыбында-ғибратты әңгіме айтты.

Соныменқатар, күнделікті өмірімізде орын алатын діни мәселелерді құқықтық және діни тұрғыдан түсіндіріп берді. Өкіл имам Мұсабек Ақтамберді мешіт молдаларының сұрақтарына жауап беріп, өз білімдерін ұдайы жетілдіріп отыруды, дін қызметкерлері арасындағы ауызбірлік пен ынтымақтастықты берік етіп ұстауды сұранды. «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» оңалту жұмыстарын жүргізу бөлімінің меңгерушісі Мұрат Мұстафаев кереғар діни ағым ықпалынан сақтану жолдарын, ол идеологияның ықпалына түскен азаматтарды дәстүрлі жолға бейімдеу тәсілдерін тереңінен түсіндірді. Теологтар Медет Халықов пен Мұрат Мұстафаев жұртшылықтың көкейіндегі сұрақтарға тұщымды жауаптар қайтарды. Түркістан облысының бас имамы Мұсабек Ақтамберді семинарды қорытып, елдегі қоғамдық және діни тұрақтылықтың маңыздылығын, оны сақтауда дін қызметкерлерінің ролі зор екендігін айтты.
Қазақстанның тәуелсіздігін баянды етуде, түрлі діни ұйымдардың құйтырқы идеологиясына қарсы тұруда, зайырлы қоғам принциптерін ұлықтау мақсатында бірлік пен салиқалы сабырлықпен еңбек етуге шақырды.

Мақсат ҚАРҒАБАЙ.