Маңызды

ТАКСИ СЕРВИСІН ДАМЫТУДА НҰР-СҰЛТАН ТӘЖІРИБЕСІ ҚОЛДАНЫЛАДЫ

Нұр-Сұлтандағы такси сервисінің қызметіне көңіл тоғаяды. Бұл қалада такси жүргізушілерінің туристерге көрсететін қызметтері талғам таразысынан шығады. Бірақ ондағы мінсіз қызметке қол жеткізу ісі қолмен қойғандай оңай болмағаны анық. Мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін тиісті мамандар біраз ізденіп, еңбек еткені сөзсіз.
Ендігі кезекте олардың тәжірибесін Шымкентке де енгізудің маңызы зор. Себебі, үшінші қалаға аяқ басқан кез келген туристтің қолданатын алғашқы сервисі – такси қызметі екені аян.
Осы мақсатта Шымкентке Елордадағы Көлік қызметкерлері ассоциациясының төрағасы Медет Құрманов келіп, жауапты мамандармен жүздесіп, тәжірибелерімен бөлісті.
Бұл туралы қалалық туризм басқармасының басшысы Тұран Ахметов өзінің инстаграм аккаунтында мәлімдеді. Өз жазбасында ол «Қалалық әкімдіктің алға қойған маңызды міндеттерінің бірі қала таксопарктерінің сервисін жақсарту, жолаушылар көлігі және тасымалдау саласындағы заңнама талаптарын сақтау, автокөліктерді брендтеудің бірыңғай стилін пайдалану және т.б болып табылады» дей келе, бұл бағытта табысты жұмыс істеу үшін осылайша басқа қалаларда сәтті жүзеге асқан тәжірибелерді пайдаланған жөн екенін алға тартады.
Сонымен қатар ол осы кездесу кезінде аталған қауымдастық базасында Нұр- Сұлтандағы такси сервисінің қалыптасуы кезінде болған барлық сынамалар мен қателерді ескере отырып, Шымкент қаласында да тиісті бөлімше құру ұсынылғанын жазды.

С.НҰРАЙ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру