ЖҰМЫС БЕРУШІ МЕН ЖҰМЫСШЫ АРАСЫНДАҒЫ КЕЛІСІМ ШАРТ – ҚУАТТЫ ҚҰЖАТ

Ағымдағы жылдың алты айында Шымкентте ҚР Еңбек заңнамасының сақталуы бойынша барлығы 152 тексеру жұмыстары жүргізіліп, 131 заң бұзушылық анықталған.
Соған сәйкес 5,4 млн. теңге көлемінде айыппұл салынған. Бірқатар мекемелердің 110 жұмыскерге жалақы қарыздары мен пайдаланылмаған жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалыстарының күндері үшін төленуі тиіс 10,2 млн. теңге берешектері өндірілген. Кейбір мекемелерге салынған айыппұлдарды мәжбүрлеп өндіру туралы сот актілері сот орындаушыларға өткізілген. Өкінішті жағдайлар да жоқ емес. Есепті кезеңде жұмыс орындарында 23 жазатайым оқиға болған. Салдарынан 24 адам зардап шегіп, 3 адам қаза тапқан.
Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық коммуникациялық орталықта қалалық еңбек инспекциясы және көші қон басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов 6 айда атқарған жұмыстарына есеп беру кезінде мәлім етті.

Есепті кезеңде еңбек инспекторларының араласуымен бірқатар кәсіпорын 23 жұмыскер алдындағы 16,7 млн. теңге берешегін толық төлеген. Қызметінен ешқандай негізсіз шығарылып, әділетсіздіктің құрбаны болған 3 адам қайтадан өз істеріне кірісуге мүмкіндік алған. Басқарма басшысы жалпы жалақының жырға айналуы, еңбек демалыстарының күндері үшін ақы төлеудің құрдымға кетуі, себепсізден себепсіз жұмыстан шығару сынды келеңсіздіктердің барлығы әу-баста еңбек келісім шартының жасалмауынан туындайтынын айта келе,
– Әрбір азамат іске кіріспес бұрын жұмысқа орналасқан мекемемен еңбек келісім шартын жасауды талап етуі керек. Келісім шарт түзілмеген жағдайда еңбек демалысын ала алмай, тиісті төлемдерге қол жеткізе алмай қалуы мүмкін. Біздің тәжірибемізде бір ұжымда екі-үш ай жұмыс істегенін дәделдей алмай дал болғандар кездесті. Мұндай жағдайда адамдарға сенуге де болмайды. Себебі сол кездегі әріптестері «танымаймыз» деп айтудан тайынбауы мүмкін,-деп, жұмыскер құқын қорғауда келісім шарттың қуатты құжат екенін қадап айтты.
Бауыржан Ахметәліұлы Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қазақстандықтардың ең төменгі жалақысын бір жарым есеге яғни, 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін көбейту туралы тапсырмасының орындалу барысын былай деп шолыды.
– Бұл тапсырманы орындау мақсатында жедел түрде жалақысы төмен жұмысшылардың табысын көтеру жұмысына мониторинг жүргізу жөніндегі штаб құрылды. Штаб мүшелері 70-тен аса ірі және орта кәсіпорын өкілдерінің қатысуымен кездесулер өткізді. Басқарма тарапынан атқарылған осындай істердің нәтижесінде ірі, орта және шағын 261 кәсіпорнында еңбек ететін 17 мыңға жуық жұмысшының жалақысы орта есеппен 22 пайызға артты, -деді.
Қалада қазіргі таңда 20 мыңнан астам шағын, орта және ірі кәсіпорындар жұмыс істейтінін ескерсек, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса түсетіні сөзсіз.
Қаладағы кәсіпорындар мен ұйымдарда қазақстандық жұмысшылардың үлесі 97 пайыздан асады. Қазіргі таңда Шымкентте 39 кәсіпорын мен ұйымда 557 шетелдік мамандар жұмыс істейді. Олардың 90 пайызы білікті мамандар. ҚР Үкіметінің 2016 жлғы 18-тамыздағы №459 қаулысы бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат бергені және ұзартқаны үшін жыл басынан бері 121,2 млн. теңге алым жергілікті бюджетке түскен.
Осылай деген басқарма басшысы 159 отбасындағы 260 адамның оралман мәртебесі ұзартылғанын атап өтті. Естеріңізге сала кетсек, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 16-наурызында қауіпсіздік кеңесіндегі этникалық қазақтардың проблемалық мәселелерін шешу жөніндегі тапсырмасымен бір реттік акциясы ретінде Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алу мақсатында 2019 жылдың 31- желтоқсанына дейін ұзарту туралы шешім қабылдаған болатын.