Маңызды

Қариялар құлаштай жүзген күн

Ағымдағы аптада Созақ аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысының ардагері, ауданның Құрметті азаматы Жүсіпұлы Елбергенді еске алуға арналған суда жүзуден ардагерлер арасында жарыс өтті.
Аталған жарыс аудан орталығы Шолаққорғандағы «Шұғыла-Нұр» сауықтыру кешенінде болды. Аудан аумағынан 30 шақты ардагерлер, қариялар жиналып, бұл жарысқа біркісідей атсалысты.
Жарысқа аудандық мәслихаттың хатшысы Б. Байғараев, аудан әкімінің орынбасары А. Сатыбалды, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ. Еспенбетов, зейнеткер, ауданның Құрметті азаматы П. Сақтапбергенұлы, Жүсіпұлы Елберген ардагердің ұлы, аудандық мәслихаттың депутаты Ғабит Елбергенұлы, мекеме, бөлім басшылары, аудан тұрғындары, жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Аталған іс-шарада ардагерлер 70 жасқа дейінгі және 70 жастан жоғары болып екі топқа бөлініп сайысты. 70 жастан асқан қариялар арасында жүлделі І-орынды Арынбеков Бүркіт, ІІ-орынды – Жандарбеков Төлеубай, ІІІ-орынды – Жұмаділдаев Шора, IV-орынды – Хайруллаев Төрехан қарияларымыз иемденсе, 70 жасқа дейінгі ардагерлер арасында ардагер ағамыз Сармантаев Жетілген оқ бойы озық шығып І-орыннан көрінді. ІІ-орынды – Жуаншалов Өрікбай, ІІІ-орынды – Қалдыбеков Әбдірахман, IV-орынды – Әйкенов Жеткерген қарияларымыз қанағат тұтты. Барша жеңімпаздар мен жарысқа қатысушыларға қаржылай сыйлықтар табысталды.
Аудандық ардагерлер кеңесі ұйымдастырған суда жүзу сайысына Ұлы Отан соғысының ардагері Жүсіпұлы Елберген қарияның ұрпақтары демеушілік жасады. Жарыс соңында «Нұр-Аман» дәмханасында ардагерді еске алуға арналған дастархан жайылып, қариялар құран бағыштады. Аудандық ардагерлер кеңесі қазіргі таңда тынымсыз еңбек етіп, осындай салауатты, салиқалы ұрпаққа берері мол шараларды жиі өткізуде. Сондай-ақ алдағы атқарар шаралары да молынан жоспарлануда.

Мақсат ҚАРҒАБАЙ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру