«ПАРА АЛДЫ» ДЕГЕН АЙЫППЕН ҚАМАЛҒАН СУХАНБЕРДИЕВА СУДАН ҚҰРҒАҚ ШЫҚТЫ

Аптаның сәрсенбісі экс-шенеунік Эльмира Суханбердива үшін сәтті өткендей. Бұрынғы Білім және ғылым вице-министрі болған ол 6-маусымда пара алды деген күдікпен тергеу изоляторына қамалып, ізінше қызметін асыра пайдаланды, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты деген айыптар бойынша үстінен қылмыстық іс қозғалған.
Тамыздың 2-не дейін қамауға алынған экс-шенеунік осы аптада сот залынан босап шықты.
Бұған дейін Ұлттық бюро экс-вице-министрдің үстінен жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс қозғалғандығын мәлімдегенмен, іс сотқа жеткенде «пара алу» дерегі алынып тасталған. Ал қалған айыптар бойынша ол кінәсін толық мойындап, тергеумен процессуалды келісімге келген. Ол түрмеге тоғытылмағанмен 15 күннің ішінде бюджетке 2500 АЕК айыппұл төлейтін болды.
Өз кезегінде ол бизнесмендерге 41 планшет пен 2 «iPhone X» алғызып, оны алдын ала белгіленген жоспар бойынша марапатталатын балаларға үлестірмекші болған екен. Бірақ ол бұл әрекетінен ешқандай сөкеттік сезбеген. Керісінше мұны қайырымдылыққа балаған. Экс-вице-министрге қызмет бабын асыра пайдаланды деген айыптың себебі осы болса, Нұр-Сұлтандағы мектеп директорымен бірігіп, ақылы мектеп ашпақ болған ниеті «заңсыз бизнеспен айналысу» бабымен сотта қаралған. Нәтижесінде Елордадағы Есіл аудандық №2 соты Эльмира Суханбердиеваға 2500 АЕК көлемінде айыппұл салып, өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыру туралы үкім кескен. Президент өңіріне таққан наградасынан да айрылған Эльмира Суханбердиева сот залынан босап шыққан соң журналистерге қапаста құр отырмай «Түрме вице-министрдің көзімен» атты кітап жазып, онысын кейбір баспаханалар басып шығаруға сұранып отырғанын сүйіншілей жеткізген.
Ең бастысы ол өзінің кінәлі екенін толық мойындағанмен, Жоғары сотқа апелляциялық шағым түсіруге оқталып отыр. Судан құрғақ шыққан Суханбердиеваның бұл қадамының нәтижесі қалай болары уақыттың еншісінде.