ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ ИГІЛІК ӘКЕЛГЕН ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРМЕН ТАНЫСТЫ

Аптаның бейсенбісінде Шымкентке Үкімет басшысы Асқар Мамин жұмыс сапарымен келіп, индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында металлургия, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі, көлік инфрақұрылымын дамыту салаларындағы қолға алынған инвестициялық жобалармен танысты.
Өз кезегінде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Асқар Маминге үшінші мегаполисте көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша қолға алынған әуежайдың жаңа терминалының жобасын көрсетті. Жаңа терминалдың құрылысы осы айда басталған. Оның аяқталу мерзімі келер жылдың мамыр айына межеленген. Сыйымдылығы сағатына 400 жолаушыны құрайтын әуежай іске қосылғанда жолаушылар ағымы 10 есеге артады деп күтілуде.
2020 жылы пайдалануға берілетін жаңа әуежайдың әлеуетімен танысқаннан соң Премьер-министр Асқар Ұзақбайұлы «Химфарм» акционерлік қоғамына барып, отандық фармацевтикалық индустрияның даму қарқынымен танысты. Еліміздегі бұл жетекші кәсіпорында дәрі-дәрмектердің 71 түрі өндіріледі. Қазақстандағы кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінің үштен бір бөлігі дәл осы зауытта шығарылады. Үкімет басшысы аталған өндіріс орнында инъекциялық препараттар мен инфузиялық ерітінділерді өндіру бойынша цехтың жарақтандырылуын көріп, «Модельдік цифрлық фабрикалар» жобасының аясында іске қосылған цифрлық инженерлік және білім беру орталығының жұмысын оң бағалады.
Министрлер кабинетінің басшысы Асқар Ұазқбайұлының аталған кәсіпорынға аялдауы тегін емес. Себебі халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс істеп тұрған бұл зауытта фармацевтикалық өндірістерді жаңғырту бойынша 108 млн АҚШ доллары болатын кең ауқымды инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «басымдығы бар салалардағы бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамытуды көздейтін индустрияландыруды жалғастыру керек» дегенді алға тартқан.
Осы бағытта өткен жылы ашылған өнімдері экспортқа бағытталған «Shymkent Temir» ЖШС зауытына да Премьер-министр ат басын бұрды. Аталған зауыттың жобалық қуаттылығы жылына 250 мың тонна болат дайындау болып табылады. Бүгінде ол жерде 500-ге жуық адам жұмыс істейді. Олардың 80 пайызы жергілікті тұрғындар. «Shymkent Temir» ЖШС Қазақстан Республикасын индустриалды-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдардағы екінші сатысына сай ашылған болатын. Жобаға жалпы құны 5,94 млрд теңге инвестиция тартылған.
Одан соң Премьер-министр «Рахат-Шымкент» ЖШС-не барып, тамақ өнімдерінің өндіріс процесін бақылады. Бүгінде заманауи жабдықтармен жарақталған фабрика жылына 24 мың тоннаға дейін 30 аталымдағы 4 түрлі кондитерлік өнім шығарады. Серіктестікте 2020 жылы мармелад пен қантты печенье шығаратын жаңа желіні іске қосу бойынша инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.
Өз кезегінде Асқар Мамин инвестициялық жобалар бойынша ел игілігі үшін жұмыс істеп жатқан өндіріс орындарын аралап болған соң, Ғабидолла Әбдірахымовқа Шымкент қаласын дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарын тиімді орындауды қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды, инвестициялық жобаларды іске асыру, шығарылатын өнім номенклатурасын кеңейту және өндіріс көлемін ұлғайту бойынша бизнес-қауымдастықпен жұмысты жандандыруды тапсырып, сапарын түйіндеді.