Шымкенттіктер салық салу мөлшерін көбейтуге қатысып, сыйлық алды

Шымкент қаласы, Еңбекші ауданының екі тұрғыны Әсия Ахметова мен Ақмарал Өтегенова «Чекті талап ет – жүлдені ұтып ал!» акциясының жүлдегері атанды. Аталған акция аясында олар дүкендерде сауда-саттық жасағанда немесе қандай да бір қызмет түрлері үшін төлемақы жасаған кезде сатушылардан бақылау-касса машинасының чегін талап еткен.
Көлеңкелі экономиканың кең өріс алуына осылай кедергі келтіру арқылы олар ортақ қазынаға түсетін салық көлемінің артуына өзіндік үлес қосқан. Халықтық бақылауды жолға қою мақсатында ұйымдастырылған осы акцияда белсенділік танытып, жүлдегер атанған сол тұрғындарды Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Нұралхан Көшеров қабылдап, iPhone смартфонының жетінші моделін сыйға тартты. Ол қоғамдық сананы жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған акцияда белсенділік танытқаны үшін оларға алғысын білдіріп, алдағы күндеріне сәттілік тіледі.
Естеріңзге сала кетсек, ағымдағы жылдың 1-мамырынан бастап елімізде «Чекті талап ет – жүлдені ұтып ал!» республикалық акциясы басталған болатын. 2019 жылдың 1-тамызына дейін жалғасатын бұл акция кезінде Қазақстанның әрбір тұрғыны кез келген затты сатып алғанда немесе ақылы қызмет түрлерін қолданғанда смартфон ұтып алу мүмкіндігіне ие болады. Ол үшін тауарлар, жұмыстар және қызмет түрлері үшін төлемақы жасалған сомаларға берілетін чектерді талап ету қажет. Содан соң телефоныңызға «Таңдау» мобилді қосымшасын жүктеп алып, ондағы жолдарға чектердегі кейбір деректерді енгізу қажет. Аталған акцияға тек деректерді тіркеу және беру қызметі бар бақылау-кассалық машиналардың фискальді чектері (онлайн БКМ) қатысады.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың 5-қазанында халыққа арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Үкімет үш жыл ішінде экономикадағы көлеңкелі айналымды кем дегенде 40 пайызға қысқарту үшін нақты шаралар қабылдауға тиіс» деп тапсырма берген. «Чекті талап ет – жүлдені ұтып ал!» атты республикалық кең ауқымды акциясы сол бағытта қолға алынған шаралардың бір парасы болып табылатыны сөзсіз.