Маңызды

ЖОЛДАСОВТЫҢ ҮСТІНЕН ЖҰРТ ҚАНДАЙ ШАҒЫМ ТҮСІРГЕН?

Ал, Мәулен Әшімбаев оны неге айтпаған?

Маусым айының соңғы күнінде Алматы қаласының әкімі лауазымынан босатылғанына бір тәулік болған Бауыржан Байбек «Nur Otan» партиясы
Төрағасының бірінші орынбасары қызметіне кірісіп кетті.

Ол партия Төрағасының бірінші орынбасары ретіндегі алғашқы жұмыс сапарын күнгейден бастады. Бейсенбі күні ол Арысқа аттанып, ондағы әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап, жергілікті тұрғындармен кездесті. Сол жерде төтенше жағдайға байланысты құрылған облыстық жедел штабтың жұмысымен танысты. Тұрғындармен жүздесіп, олардың апаттан кейінгі туындаған проблемаларымен жалғыз қалмайтынын, қолдау мен көмек жасалатынын жеткізді. Орын алған жарылысқа байланысты жедел құрылған штабтың жұмысымен танысып, қаланы қалпына келтіру бағытында партиялық бақылау күшейтілетінін айтты.
Осы сапарынан соң ол Твиттер әлеуметтік желісінен тосын мәлімдеме жариялады. Өз жазбасында ол партияға «Nur Otan»-ның Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасовтың үстінен көптеген арыз-шағымдар келіп түсетінін, соған байланысты филиал төрағасының келісімімен бұл мәселені Саяси кеңестің аймақтық Бюросында қарап, Нұрмахан Жолдасовты партия қатарынан шығаруға дейін шара қолдану қажет деп есептейтінін қадап айтқан. Және де елдің сенімін нығайту үшін ендігі кезектен бастап партиялық тәртіпті барынша күшейтіп, ішкі «тазалау» жұмыстарын жүргізуді жазған.
Қызметіне кіріскеніне бірнеше күннің жүзі болған Бауыржан Байбектің осындай мәлімдеме жасағанмен оған дәлел болатын бірді-екілі мысалдардың келтірмеуі көкейге түрлі сауал тудыруда. Егер партияның Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасовтың атына шағымдар шынымен де қарша борап келгені айдан анық болса, бұған дейін партия Төрағасының бірінші орынбасары болған Мәулен Әшімбаев неге оны май шаммен қарап, тиісті шаралар қабылдамаған? Әлде М. Әшімбаевқа келіп түскен шағымдар мен арызда айтылған мәселелер қызықты болмағаны ма?
Қайткен күнде де билік партиясында жетекші орынды тізгіндеп отырған Бауыржан Байбектің бұлайша ашық түрде мәлімдеме жасауы Нұрмахан Миятұлының алдағы қызметтік тағдырында қандай да бір қысылтаң кезеңнің тудыратынын аңғартып тұрғандай.

Қ. ҚАЛИЕВ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру