Маңызды

ТҮЛЕКТЕРДІҢ ТӨРТТЕН БІРІ СЫННАН СҮРІНГЕН

Естеріңізге сала кетсек, биыл мемлекет есебінен 53 785 білім гранты бөлінген болатын. Негізгі білім гранттарына ие болғандардың тізімі алдағы шілде айының 21-31 аралығында өтетін республикалық конкурстан соң жарияланады. Жоғарыда атап өткен нысаналы топтағы азаматтар ең алдымен осы республикалық конкурсқа қатысып, бағы мен бабын сынайды.
Республикалық конкурс кезінде оған қол жеткізе алмай қалған жоғарыда атап өткен нысаналы топқа жатқызылатын азаматтар үшін мүмкіндіктер молая түспек.
Еліміздің бас педагогының айтуынша қосымша бөлінген 5 мың грант қаражаты трансферт арқылы жергілікті жердегі әкімдіктерге беріледі. Өз кезегінде олар өңірде сұранысқа жоғары мамандықтықтардың тізімін түзіп, соның негізінде комиссия құрып, тиісті тәртіппен конкурс жүргізеді. Ағымдағы жылдың тамыз айының 11-15 аралығында өтетін конкурс кезінде комиссия құрамы гранттарды талапкерлердің ҰБТ баллына және грант санына қарай тағайындайды. Содан соң көп ұзамай зор қолдауға ие болғандардың тізімін жергілікті БАҚ-та жариялайды. Көп балалы және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасында тәрбиеленіп жүрген талапкерлер осы конкурсқа қатысу үшін тамыздың 5-10 аралығында жергілікті жердегі әкімдіктерге өтініш береді. Айтпақшы, нысаналы грант иегерлеріне де әдеттегідей 20949 теңге шәкіртақы тағайындалатынын біле жүріңіз.
Білім және ғылым министрі нысаналы топқа жататын талапкерлер қосымша бөлінген 5000 білім грантының біріне қол жеткізу үшін ең алдымен Ұлттық бірыңғай тестінің шекті балын жинауы қажеттігін баса айтты. Осы ретте биыл ұлттық жоғары оқу орындарына тапсыруға қажетті шектік ұпай — 65 балл екенін, «Педогогика ғылымдары», «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» білім салалары бойынша 60 балдан төмен жинауға болмайтынын, қалған жоғары оқу орындарына түсу үшін — кем дегенде 50 балл болуы керектігін, ал «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру (медицина)» саласы бойынша шекті балл 65 балдан кем емес (әр пәннен кем дегенде 5 балдан жинау қажет) болып бекітілгенін айта кетейік.
Жалпы биыл елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу 20-30 маусым аралығында 169 пункттің базасында өтті. Тестіні тапсыруға 117 242 адам өтініш берген. Алайда түрлі себептермен 6800-ден астам адам сынаққа қатыса алмай қалған. ҰБТ тапсырғандардың арасында биылғы, былтырғы түлектер мен колледж бітірушілері болды.
Осы жылы тест тапсырғандардың 1/4-і, яғни, 27 мыңнан астам талапкер шекті балды жинай алмаған. Бұл көрсеткіш жылдан жылға артып отыр. Былтыр ҰБТ кезінде межелі балды жинай алмағандардың үлесі 15 пайыз болған-тын.

М. ӘБДІРАЙЫМ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру