Маңызды

Сандық технология салалардың дамуына серпін береді

Қазіргі таңда сандық технологияны өмірге дендеп енгізу қарқынды жүргізілуде. Себебі ол халықтың кассаға тәуелділігін жойып, уақытын айтарлықтай үнемдеуге септігін тигізеді. Адамдардың артық сабылуына біржола тоқтау салатын сандық технология жемқорлық көрінісінің болмауын да қамтамасыз етеді. Осы бағытта елімізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынған-тын. Аталған бағдарламаға сәйкес әрбір өңірде салаларды цифрландыру тетіктері қолға алынып келе жатқаны белгілі.
Ал Шымкентте қызметтерді заман легіне қарай жаңарта түсетін бұл бағдарламаны жүзеге асыруды қалалық цифрландыру басқармасы үйлестіріп келеді. Жуырда аталған басқарманың басшысы Айнұр Юсупова жыл басынан бергі алты айда атқарылған жұмыстарына шолу жасады.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Шымкенттегі денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларына сандық жүйе енгізілген. Нәтижесінде бұрындары тұрғындар тұтас бір күнін, тіпті кейбір жағдайларда бір аптасын сарп ететін қызмет түрлері санаулы минуттарда-ақ тындырылатын деңгейге қол жеткізілді.
Қазіргі таңда Шымкенттегі медициналық ұйымдардағы жұмыс орындарын компьютерлік техникамен жарақтандыру үлесі – 63 %, интернет жүйесіне қосылған ұйымдардың үлесі – 100 %, жергілікті ақпараттық жүйелермен қамту деңгейі – 100 %, электрондық түрде есепке алу — есеп беру ақпаратын жүргізуге көшкен денсаулық сақтау ұйымдарының үлесі – 33%, халықты электрондық денсаулық паспорттарымен қамту деңгейі – 83 % және электрондық рецептілердін үлесі – 55 % құрайтынын айта кетейік.
Үшінші мегаполисте халық ең жиі жүгінетін дәрігерге жазылу, үйге дәрігер шақыру, медициналық ұйымға тіркелу сынды қызметтер автоматтандырылған. Тұрғындарға кезекті скринингтен өту туралы хабарламаларды мобильдік қосымша арқылы жіберу мүмкіндігі іске қосылған. Қаладағы барлық 36 медициналық ұйым «қағазсыз аурухана» жүйесіне көшірілген. Көрсеткіш көңіл тоғайтарлық.
Цифрландыру жүйесі қолданысқа енгізілгеннен бастап білім саласындағы көптеген бассыздықтарға нүкте қойылды. Бұған дейін «бармақ басты, көз қыстымен» бітетін көп тірліктер жаңашылдықтың нәтижесінде тиянақты жүйелер сапына қосылды. Атап айтқанда, қаладағы 476 мектепке дейінгі мекемеде бүлдіршіндерді қабылдау электрондық кезек жүйесіне көшірілген. Барлық 130 мектепте балаларды 1-сыныпқа қабылдау электрондық жүйеге ауыстырылды. Оқушылардың білім көрсеткішін арттыру бойынша сандық білім беру ресурстары, электрондық журнал жүйесі және балабақшалар мен мектептерге педагогикалық кадрларды қабылдаудың электрондық жүйесі енгізілді.
Коммуналдық шаруашылық саласында да қол жеткізілген жетістіктер өте көп. Айталық, Шымкенттегі 2049 көпқабатты тұрғын үйдің 997-нің электронды паспорты жасалды. Қаладағы 5 көпқабатты тұрғын үйге интернет құрылғыларын қолдайтын есептеу қондырғыларын орнату қанатқақты жобасы аяқталды. 1052 абонент бойынша монополия субъектілері «E-SNANYRAK» электронды жүйесі негізінде біріктірілді. Бұл бағыттағы жұмыстары жүйелі жалғасын табатын болады.
Қоғамдық көлік саласы бойынша ауқымды жобалар қолға алынған. Мегаполистегі 1102 қоғамдық көлік GPS қондырғыларымен жарақтандырылған. Және де диспетчерлік бақылау жүйесіне қосылған. Алдағы уақытта «Ақылды автотұрақ» жобасы іске асырылмақ. Оның мақсаты автоматтандырылған ақылы тұрақ ұйымдастыру, тез және ыңғайлы тұрақ орындарын табу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, автокөлікті тұраққа қоюды автоматтандыру және қаланың экологиялық жағдайын жақсарту. Соған сәйкес Бүгінгі күні 3 бағыттағы 30 автобусқа SMS және QR коды арқылы электрондық төлем жүйесінің пилоттық жобасы іске асырылды.
Қауіпсіздікті қамтамыз ету бағытында қоғамдық қауіпсіздікті және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қалада 21 зияткерлік жол қиылысы жұмыс істейді. Бейнебақылау камераларының саны 479 –ға дейін ұлғайтылды.
«Сергек» жобасы аясында бейнебақылау камералары орнатылды. Өз кезегінде бұл жоба жол-көлік оиғаларының азаюына айтарлықтай ықпал етуде. Жобаның мақсаты – бақылау учаскелерінде жол қозғалысына қатысушылардың жол қозғалысы ережелерін сақтауын бақылау, іздестіру іс-шараларының тиімділігін арттыру, апатты жағдайларды төмендету.
Ағымдағы жылдың 6 айында Шымкентте «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына сәйкес халыққа қызмет көрсету орталықтарында тұрғындарға мемлекеттік қызметтердің 74,5 пайызы электронды түрде көрсетілді.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру