Маңызды

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР Президенті: «ҚАРЫЗДАРДЫҢ КЕШІРІЛУІ МАСЫЛДЫҚ КӨЗҚАРАС ТУДЫРМАУЫ КЕРЕК»

Осы аптада елді елең еткізген ең жағымды жаңалық мемлекеттің қазақстандықтардың тұтынушылық кредиттерінің 300 мың теңгеге дейінгі сомасын жауып, осыншама көлемдегі қарызының толық кешірілетіні болды.
Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «БАҚ қызметкерлері күніне» арналған Ақордадағы салтанатты рәсім кезінде жария етті.
Бірақ бұл барлық азаматтарға көрсетілмейді. Жеңілдік тек аз қамтылған, жалғыз қамқоршысынан айырылған, көпбалалы және мүгедек ұл-қыз асырап отырған отбасыларға жасалады. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстанда бұрын-соңды болмаған теңдессіз әлеуметтік көмек көрсету туралы мұндай шешімді шығаруына әлеуметтік тұрмысы төмен азаматтардың кепілсіз алынған тұтынушылық несиелерін төлеуге көмектесулері туралы өтініштері себеп болғанын баса айтты.
Президент 26-маусым күні осыған байлансты тиісті жарлыққа қол қойды.
Сол жарлық негізінде көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айрылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалардың өз аттарына алған банк алдындағы 300 мың теңгеге дейінгі берешектері кешірілетін болады. Оның барлығын мемлекет өзі өтеп береді. Мұндай мүмкіндікке яғни, банктегі қарызының 300 мың теңгесі бюджет есебінен жабылатын кредиттің жалпы көлемі 2019 жылғы 1-маусымдағы жағдай бойынша 3 миллион теңгеден аспауы тиіс. Егер азаматтардың рәсімдеген несиелері одан көп болса, ол мемлекет өтейтін несиелер қатарынан автоматты түрде сызылып тасталады.
Мемлекет басшысы мұны бір реттік акция ретіндегі шара екенін алға тартуда. Мақсат – қиын жағдайға тап болған азаматтарға сөзбен емес, нақты іспен жәрдем беру, сол арқылы отбасыларының қаржылық ахуалын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік жасау.
Сонымен Президенттің пәрменімен мемлекет алдағы уақытта әлеуметтік тұрмысы төмен қанша отбасының банк алдындағы қарызын төлейді?
Жоғарыда бір реттік акция ретінде қолға алынып жатқан мұндай жеңілдікке 2019 жылдың 1-маусымындағы жағдай бойынша қарызы 3 миллионнан аспайтын азаматтар ғана қол жеткізетінін айтып өттік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жеңілдікке 500 мыңға жуық несие алушы ілігетінін, ал олардың 86 пайызының банкке берешегі 1 миллион теңгеден аспайтынын мәлімдеді. Ол бұл деректердің барлығы алдын ала екшеліп, талданғанын тілге тиек етті.
Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша бір реттік акцияның шарапатын көретін 500 мың несие алғандардың 55%-ының, яғни 250 мың адамның негізгі несие мен сыйақыны қоса алғанда, барлық қарызы тұтастай жабылатын болады. Себебі, осыншама адамның банктер мен микроқаржылық ұйымдар алдындағы қарыздары үстемеақы-өсімпұлмен қосқанда 300 мыңнан аспайды.
Ал қарыздары үстемеақы-өсімпұлмен қосқанда 300 мыңнан көп, бірақ 3 миллион теңгеден аспайтын азаматтардың қарыздары тек 300 мың теңге мөлшерінде өтелмек. Үкімет бұл ретте азаматтардың қарыздары толықтай жабылмаса да белгілі бір бөлігінің мемлекет тарапынан төленуі олардың төлеу қабілеттілігінің қалпына келіп, қарыз жүктемесінің айтарлықтай төмендеуіне септігін тигізетінін айтуда.
Күнделікті күйбең тіршіліктің қамын бір, банктегі қарызын бір ойлап арқаны кеңге сала алмай жүрген тұрмысы қиын қаншама отбасының мойнындағы жүгін жеңілдеткен бұл жарлық аясында атқарылатын жұмыстарды Ұлттық банк Үкіметпен бірлесе атқарады.
Дегенмен де, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы тұста таяқтың екі ұшы болатынын да қаперіне алды. Ол мұндай қайырымдылық халық арасында масылдық көзқарас тудырмауын, яғни, жеңілдікке ие болған санаттағы кейбір азаматтар «мемлекет өтеп береді» деген дәмемен тағы да кепілсіз тұтынушылық несие алмауы үшін қоғамдағы күнкөріс көлемі 27 мың теңгеге жетпейтін жандарға қарыз беру шектелетінін жеткізді.
Өз кезегінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, қаржы министрі Әлихан Смайылов кредит бойынша әлеуметтік осал топтағы азаматтардың борышын өтеу жұмысы 10 шілдеден кейін басталуы мүмкін екенін мәлімдеді.

А. САТЫБАЛДЫ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру