«Техно-әлемде» мәдениетті қызмет көрсетіледі

Экономикасы нарықтық бағытқа бет алған Қазақстан үшін кәсіпкерлікті даму мәселесі – өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Өйткені, нарықтық экономиканың өзі – кәсіпкерлік экономика. Кәсіпкерлікті дамыту – нарықтық дамытудың кепілі.
Сондықтан да, кәсіпкерлік төңірегіндегі көптеген мәселелердің көтеріліп жатуы да оның экономикадағы рөлінің өте маңыздылығын дәлелдейді. Қазақстан Республикасы Конституциясында былай деп жазылған: «Әркімнің кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне, өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға құқығы бар». Бәрімізге мәлім, өндірістің негізгі факторлары табиғи, еңбек, өндірістік ресурстар болып табылады. Нарықтық экономика кезінде осы факторлардың жұмыс істеп, қозғалысқа түсуіне әсер ететін нақты күш бар. Олар: іскерлік, басқару және өз мүмкіндіктерін белгілі бір мақсатта жетістікке қол жеткізуге пайдалана білу икемділігі.
Сол себепті әрбір азамат өз мүмкіндіктерін пайдаланып бизнес, кәсіп игеру саласында өзін өзі сынап көруі керек. «Қолымнан келмейді» деген сөз болмауы керек. Сонда ғана белгілі бір биіктікке, жетістіктер мен жеңістерге қол жеткізуге болады. Біздің ауданда да кәсіпкерлік нысандары көбейіп, кәсіпкерлік ғимараттар бірінен соң бірі жарыса бой көтеріп, ел игілігіне жұмыс жасап жатыр.
Шолаққорған кентінің сәулетіне ерекше әсемдік рең беріп тұрған «Техно-әлем» сауда кешені бір-екі жылдан бері аудан халқына сапалы қызмет етуде. Орталық стадионға қарама қарсы бетте аудандағы кәсіпкерлер палатасы филиалы іргесінде орналасқан бұл сауда үйі екі қабаттан тұрады. Аудан жұртшылығының қажетін өтеп, сұраныстарын қанағаттандырып, іздегенін тауып, айтқан заттарын алдырып беріп ел алғысына бөленуді мақсат тұтқан сауда үйіне кірдік. Төменгі қабатында несие беру орталығы, несиеге берілетін және нақты ақшаға сатылатын тауарлар дүкендерінде не керектің бәрі тұр. Құжаттарыңды өткізде қалаған жиһазыңды ала бер. Жоғарғы қабатта сан алуан жиһаздар диваннан бастап, шкаф, киім салатын, асхана жабдықтары көздің жауын алып өзіне шақырды.
Сауда үйі аудан орталығында тұратын 10 жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтып отыр.
— Біздің ең басты мақсатымыз сатып алушы, тұтынушы азаматтарға мәдениетті қызмет көрсету, сыпайы, сабырлы, әдептілік шеңберінде елдің игілігіне жұмыс жасау. Келген азаматтардың сауалдары мен сұраныстарына мәдениетті түрде қызмет етуді бірінші кезекке қоямыз. Қазіргі таңда екі айлық акция жүріп жатыр. Онда ұтыс купондары, лотерея ойындары бар. Кез-келген тұтынушы купон арқылы тегін тауарларға ие бола алады, — дейді сауда үйінің жауапты қызметкері Мекемтас Әшірханұлы.

Мақсат Қарғабай.