ОРТАЛЫҚ КӨП БАЛАЛЫ АНАЛАРДЫ КӘСІБИ МАМАН ЕТЕДІ

Шымкенттегі көп балалы аналар отбасында ер көңілін баптап, балаларының жағдайын жасап, үйде жайлылық орнатып қана қоймай, өздерін белгілі бір кәсіптің құлағынан ұстап, жемісті жұмыс істеуге де қызығушылық танытып келеді.
Бұл тұрғыда оларға дұрыс бағыт-бағдар берудің маңызы зор. Осы мақсатта Шымкенттегі «RECOMP» оқу орталығында кәсіби визажист Аида Әбдірайымов мен үздік әйелдер шаш сәнгері Ерлік Куванов көп балалы аналарға шеберлік кластарын өткізіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Негізгі мақсат – сұлулық салонын ашып, өз бизнесін жүргізгісі келетін көп балалы аналарға жөн сілтеу.
«RECOMP» оқыту орталығының директоры Гүлбахира Тәжібаева бұл шара қала күніне орай ұйымдастырылып отырғанын, аталған орталықта 100-ден аса қыз- келіншектер жұмыс істейтінін алға тартып, мұндай шара олардың үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізуіне жол ашатынын алға тартты.
Сонымен қатар ол, үйде отырған қыз-келіншектер осы орталықта мемлекеттік бағдарлама аясында оқып, тәжірибе жинақтап алуларына әбден болатынын, ол үшін қалалық жұмыспен қамту орталықтарына барып тіркеліп, бізге «Атамекен» бағдарламасы бойынша оқуға жолдама алуға болатынын айтып өтті.
Көп балалы аналар үшін қаржы табудың таптырмас мүмкіндігін сыйлайтын бұл орталықта арнайы курстан өту үш айға жалғасатынын айта кетейік.
Шара соңында орталық мамандары визажист әрі шаштараз болуды мақсат еткен көп балалы аналарға сәттілік тіледі.
Әйелдерді кәсіби маман әрі келбетті етіп жүруге бейімдейтін Шымкенттегі бұл орталық бір жылдан бері жұмыс істеп келеді.