Қайырымдылық жасау үшін миллионер болу міндет емес

«Қайырымдылықтың үлкен кішісі болмайды». Арыстағы апат жүрегінде жылылық ұялаған әрбір азаматқа ауыр тиді. Жарылыстан қорқып, үйі мен туған жерін тастап, жан ұшыра жан-жаққа қарай бет алған Арыс халқын миллионды қала Шымкент тұрғындары жылы қабақпен қарсы алып, қолдан келер жәрдемін аямады. Солардың ішінде жас та болса құдайдың бойына дарытқан қасиетімен халықтық медицина жолымен біраз жұрттың дертіне шипа дарытып, ем-дом жасап жүрген, халық емшісі атағын алған, әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы Әйгерім Әбдіқұлованың есімін бөле-жара атап кеткенді жөн көрдік.
Бес жылдан бері халықтық медициналық жолында жүздеген адамға шипа дарытып жүрген Әйгерім 24-маусымда болған Арыстағы апатты зор күйзеліспен қабылдаған. «Жан мен тән» атты орталыққа жетекшілік ететін ол әлеуметтік желідегі оттың ортасында жүрген халықты көріп, көзіне жас алған. Бірақ бұлай эмоцияға беріліп отырғаным жарамас деп бойын жинап, Шымкентке қарай бет алған арыстықтарға көмек көрсетуді азаматтық парызы деп түсініп, іске кірісіп кеткен. Ары қарай өз сөзімен баяндасақ.
– Апат болған күннен бастап қиын жағдайға тап болған адамдарға заттай немесе қаржылай болса да шама-шарқым жеткенше қолдан келер көмегімді көрсетуге бел будым. Сол сәтте ойыма «көп түкірсе – көл» болады емес пе, неге өз орталығыма келетін адамдарға бұл жөнінде айтып, қайырымдылықты бірге жасауға шақырмасқа деген ой келді. Сөйтіп өз емделушілерім үшін ашылған ватсаптағы ортақ чатқа осы тұрғыдағы ойыммен бөлістім. Барлығы қолдады. Сол сәттен бастап олар менің каспи голд карточкама ақша аударуды бастап кетті. Сауап іске атсалысқандар 500 теңгеден бастап 20 мың теңгеге дейін қаржы құйып жатты. Бұл жерде ақшаның көлеміне емес, адамдардың ниетіне дән риза болдым. Сөйтіп жиналған қаржыға Шымкенттегі Автотехникалық колледждегі адамдардың игілігі үшін базардан тіс пастасы, тіс щеткасы, сабын, сусабын және т.б жуынатын және гигиеналық заттар алдық. 50-ге жуық адамдарға аяқ киімдер жеткіздік. Ер адамдарға футболка, біраз әйел азаматтарына үй киімдерін алдық. Сонымен қатар біршама азық-түліктер жеткіздік. Еріктілердің ұсынысымен бірқатар азаматтарға дәрі-дәрмек алып бердік. Осылайша екі күн қатарынан сол колледждегі қызметке жұмылдырылған еріктілермен кеңесіп қолымыздағы бар қаржыға арыстықтардың жоқ-жітігін әпердік. Бейсенбі күні Шымкенттегі «Авто нұр» базарынан бір қазан палау алдыртып, оны шараға салып, қосымша су, айран алып Арыс қаласындағы апаттың зардабын жоюға жұмылдырылған сарбаздарға жөнелттік. «Жалғыздың үні» шықпайды деген ғой. Біраз адамға көрсетілген мұндай жәрдемге атсалысқан барлық емделушілеріме, орталық кеңесіне жүгінетін қыз-келіншектерге шын разылық білдіргім келеді. Мен жай ғана бастама көтердім. Бұл кісілер сол ұсынысымды қолдап, құр отырмай көмектерін беріп жатты.
Осылай деп ағынан жарылған Әйгерімнің бұл игі бастамасына 50-ге жуық адам қолдау білдіріп, қаржы аударыпты. Олардан түскен 150 мың теңгеге жетеқабыл қаржыға жоғарыдағыдай көмектер жасалған.
«Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпес» деген. Мазасы кеткен тұрғындарға көрсетілген бұл мейірім олардың есінде мәңгі сақталатыны сөзсіз.
Үш баланың анасы, асыл жар болып жүрген Әйгерімнің бұл жақсылығын бөле-жара айту арқылы, барша қауымға, соның ішінде жастарға жомарттық, қайырымдылық жасау үшін міндетті түрде қалтасы қалың миллионер болу керек еместігін, үлкен істің иесі болу осындай түймедей ғана тірліктен бастау алатынын баса айту еді.