КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ЖӘРДЕМІ БІРАЗ ЖҮКТІ ЖЕҢІЛДЕТЕДІ

Арыстағы апаттан зардап шеккен тұрғындарға көмек жәрдемін көрсетіп жатқан халықтың қарасының көптігіне дүйім ел дән риза. Төрткүл дүниеде кеңпейіл қасиетімен ерекшеленетін қазақ жұрты жарылыстан зардап шеккен тұрғындарға қолдан келер көмегін көрсетіп, арыстықтардың басына түскен ауыртпалықты айтарлықтай жеңілдетті. Шымкенттегі эвакуацияланған тұрғындарды қабылдайтын орталық «Ақмешіт» мешітінде қайырымдылық жасап, демеушілік көрсеткен азаматтар көптеп кездесті. Олардың бірі қаржылай көмек берсе, енді бірі үйлерінен ыстық тамақ пен дастарханға қояр жылы-жұмсақтар жеткізді. Енді бірі көрпе-төсек, гигиеналық заттар мен киім-кешектер әкелді.
«Көп түкірсе – көл» болатыны сынды жалпақ жұрт жабыла жеткізген азық-түліктер мен күнделікті өмірде қажетті бұйымдар әжептеуір көлемге жетіп, ондағы тұрғындардың барлығына жеткілікті түрде үлестіріліп жатқаны әлеуметтік желілер арқылы анық байқалды.
Бұл тұрғыда бизнестегі аты дардай кәсіпкерлер азық-түлік, көрпе-төсек және тағы басқалай демеушілік көрсетумен қатар, арнайы ашылған қорларға қомақты қаржы аударды. Мысалы «Отау групп» компаниясының президенті Қайрат Молдасейітов өз атынан Арыстағы төтенше жағдайға байланысты арнайы ашылған Шымкент қалалық Атамекен Кәсіпкерлер Палатасы жанынан қаржылай көмек көрсету қорына өз атынан 10 млн. теңге аударды. Бұдан соң қорға депутат Шыңғыс Қозбахов 2 миллион теңге аударды.
Бұдан бөлек «Бөрте Милка» компаниясының басшысы Нұралы Әбішев сауап істен құр қалмай, өз атынан 5 миллион теңге қаржылай қолдау көрсетті.
Бұған қоса миллионды қаладағы көптеген мекеме ұжымдары арнайы құрылған қорларға бір күндік жалақыларын аударды.
Сонымен қатар «BI Group» құрылыс компаниясының басшысы, кәсіпкер Айдын Рахымбаев өз компаниясы атынан 100 млн теңге бөлді. Өз кезегінде ол бұл қаржының барлығы Арыстағы жарылыстан зардап шеккен тұрғындардың үйлерін жөндеп беру үшін жұмсалатынын жеткізді. Ол осы қаржы жарылыс салдарынан шатыры жұлынған, есік терезелері бұзылған, қабырғалары құлаған, тіпті күлі көкке ұшқан кемі 100 үйді жөндеуге, қайта қалпына келтіруге жаратылатынын, жетпеген жағдайда үстінен қаржы қосып, көмегін аямайтынын айтқан.
Кезінде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған, қазіргі таңда кәсіпкерлікке бет бұрған Болатбек Әлиев өз атынан 20 миллион теңге аударумен қатар, зардап шеккен тұрғындарға тонналап жеміс-жидек жөнелткен.
Жуырда ғана «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағын алған кәсіпкер Рәшкүл Оспанәлиева 24-маусым күні облыс әкімінің бастамасымен құрылған «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорына өз атынан 5 миллион теңге аударды. Бұдан бөлек бұл азаматтар эвакуациялық пункттерге орналастырылған арыстық ағайынға гуманитарлық көмектер көрсетті.
Билік Арыстағы апат бойынша құрылған қорларға түскен бұл қаржылардың барлығы Арыстағы апаттан зардап шеккен тұрғындардың мұқтаждықтары үшін жұмсалатынын мәлімдеді.
Арнайы құрылған қорларға қаржы аударып жатқан азаматтар мұнымен шектеліп қалмайды. Олардың қатары әлдеқайда көп екені белгілі. Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорына 27-маусым күнгі жағдай бойынша 600 миллион теңге қаржы түскені сол сөзіміздің нақты дәлелі.