«Дұрыс айтпадым ба?» деп қатты қобалжыдым…»

Су жаңа министр жұрт пікірімен санасуға дайын ба?

Осы аптада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жрмарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің Мәдениет және спорт министрі қызметіне Ақтоты Райымқұлова тағайындалды.
Әрдайым елдің назарында жүретін министрліктің жаңа басшысы қызметіне кіріскен аз күннің ішінде сынның астына қалды. Елдің мәдениет және спорт саласын тізгіндеген министрдің бұрын қазақ тіліне аударылған 3300-ден астам жалпыға бірдей қабылданған терминдерді өзгерту шаралары қаралып бекітілгені туралы әңгімесі жұртқа жақпай қалды. Өз кезегінде Ақтоты Райымқұлова жоғарыда атап өткен 3300-ден аса жалпыға бірдей қабылданған терминдердің 300-ге жуығы халықаралық терминдер екенін алға тартып, «мұражай» деген сөз «музей», мұрағат – архив, азатжол – абзац, пайыз – процент, сынып – класс, құрсым – шина, теңгерім – баланс, әнұран – гимн, мұқаммал – инвентарь, ақау – дефект, шегендеу – демаркация, мейрамхана – ресторан, қимыл – анимация, ал «әлеует» деген сөз «потенциал» болып қайта өзгертілгенін айтқан еді.
Министрдің бұл сөзіне бірқатар журналистер мен блогерлер келіспейтінін ашық түрде жариялап, кезінде қазақшаға аударылған, қазаққа сіңіп кеткен аударма сөздердің қайта бекітілуіне қарсы екенін қадап айтып, лауазым иесінің бұл мәселені қоғамның талқылауына салмай, пікірін білмей істеуге моральдық хақысы жоқ екенін батырып жазуда. Әлеуметтік желіде олардың бұл жазбаларын іліп әкетіп, жаңа министрдің бастамасына өз наразылықтарын білдіріп жатқан азаматтар да аз емес.
Осыған орай кеше Ақтоты Райымқұлова Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық конкурсының қорытынды салтанатты шарасында «менің термин туралы сөздерімді дұрыс түсінбей қалған сияқты. Немесе басқа БАҚ өкілдері теріс түсінген сияқты. Ең алдыменен 3000-нан астам термин қолданыстан шықпайды. Ол қазақтың сөздері емес. Ол басқа тілдерден енген сөздерді тағы да талқылау деген сөз» дей келе «әрқашан да тілімді ардақтаймын. Кешеден бері түні бойы ұйықтамай, «дұрыс айтпадым ба?» деп қатты қобалжыдым», — деді. Сонымен қатар ол министрлік жұмысындағы олқылықтарды қоғаммен және бұқаралық ақпарат құралдарымен бірге талқылау қажет екенін алға тартты.
Егер оның «министрлік жұмыстарындағы олқылықтарды бұқаралық ақпарат құралдарымен талқылап, шешу қажет» дегені жай әншейін риторика емес, шын сөз болса, жұрттың қызу талқысына түскен термин мәселесін қарауды сап тиятыны анық. Ал Сіз бұған не айтасыз?