«Жасы келген кадрларды алып тастау деген менде жоқ»

Өмірзақ ШӨКЕЕВ:

Түркістан облысының құрылғанына бір жыл. Былтыр 19-маусымда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып қайта құрылып, әкімшілік-іскерлік орталығы Түркістан қаласы болып белгіленген. Содан бері он екі ай ауып түсті. Тарих қойнауына енген бір жыл ішінде Түркістан облысы болып қайта құрылған күнгейде не тындырылды? Қандай жұмыстар қолға алынды? Нендей мәселелерге мән берілді? Түзілген жоспарлардың нобайы қандай?
Осы жетіде артта қалған бір жылға шолу жасау үшін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев журналистермен жүздесіп, баспасөз-конференциясын өткізді. Оған өңір журналистері мен республикалық БАҚ өкілдері қатысты. Жиын басында аймақ әкімі бір жыл ішінде Түркістанда атқарылған негізгі жұмыстарды атап өтті.
Тілге тиек етер ең басты жаңалық ол атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізген көп балалы отбасылардың өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға артуы. Мәселен, биыл атаулы әлеуметтік көмекке 103464-тен астам отбасы өтініш білдіріп, оның 65946-сына АӘК тағайындалған. Көп балалы аналардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында жыл аяғына дейін 1032 отбасы пәтермен қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек, 2019 жылдың 5 айында Түркістан облысы бойынша барлығы 1724 пәтер кілті өз иелеріне тапсырылды. Жергілікті атқарушы билік жыл қорытындысы бойынша 50 тұрғын үйді, дәлірегі 2613 пәтерді пайдалануға беруді межелеген.
Денсаулық сақтау мен білім беру саласында да көңіл тоғайтарлық деректер жетерлік. 2019 жылға облыста 19 модульдік медициналық пункт орнату жоспарланғаны, бұдан бөлек, 2 қалалық, 4 аудандық емхана, Түркістан қаласында №3 облыстық перинаталдық орталығына жапсарлас 150 орындық перзентхана мен 900 орындық 1 білім ұясының құрылысы жүргізіліп жатқаны сол сөзімізге тұздық болады.
Билік облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру үшін олардың инженерлік инфрақұрылымның игілігін көруге атап айтқанда, мардымды жылумен қамтылуына, сапалы ауыз су тұтынуына, отын жарып, күл шығарудың тауқыметінен біржола құтылуына, сапалы электр жүйелерімен жабдықталуына зор назар аударуда. Нәтижесінде біраз жылдан бері шешімін күтіп келе жатқан мәселелердің түйіні тарқап, тұрғындардың көңілі толуда. Баспасөз конференциясы кезінде аймақ басшысы Өмірзақ Естайұлының «Түркістан қаласындағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін ағымдағы жылдың соңына қарай халықтың 56 пайыз газбен қамтамасыз ету жоспарда бар. Сонымен қатар, Түркістан қаласын 83 пайызға ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар басталды» дегені соған негіз.
Бүгінде өткен жылдың қарашасында құрылысы басталған Түркістан облысы әкімшілік-іскерлік орталығында 17 нысанның құрылысы қарқын алған. Оның ішінде биыл 7 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілетін болады. Олар: облыс әкімдігі ғимараты, Астана алаңы, Медиа орталық, Олимпиадалық резервтегі спорт мектебі, саябақ, музыкалық мектеп, халыққа қызмет көрсету орталығы болып табылады.
Осы жылдың бес айында Түркістан облысына тартылған инвестиция көлемі 60 млрд. теңгеден асқан. Шөкеев алдағы уақытта бұл көрсеткіштің арта түсетінін, оған жергілікті жердегі халықтың еңбектен бел жазбайтындығы мен ауа райының қолайлылығы оң әсерін тигізеді деп бек сендіріп отыр.
Түркістан қаласында тарихи-мәдени және діни туризм сегменті жақсы дамыған. Өткен жылдың өзінде қалаға миллионнан астам туристтің табаны тиген. Осы тенденцияны ары қарай дамыту үшін еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын. Соның бірі туризм саласы бойынша мамандар даярлайтын колледж ашу. Өз кезегінде Өмірзақ Естайұлы баспасөз-конференциясы осы бағыттағы жұмыста сөзден іске көшіп, орындалып жатқанын мәлімдеді.
Оң статистикалық деректерден тұратын осы және өзге де атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап болған соң аймақ әкімі журналистер сұрағына жауап берді.
Түркістан облысының әкімі болғаннан бастап алғаш рет брифинг өткізіп жатқан Шөкеевке тілшілер тарапынан бағытталған сұрақтардың бірқатары кадр мәселесі төңірігенде өрбіді. Атап айтқанда, «Билік жергілікті жердегі кадрлардың мүмкіндіктерін өз деңгейінде пайдаланып жүр ме?», «Қандай да бір шенеуніктің ұзақ жылдар бойы бір қызметте отыруы сыбайлас жемқорлықтың орын алуына әкеп соқтырмай ма?» және тағы басқа сұрақтар әкімге көлденең тартылды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қойылған сұрақтарға қатысты былай деп жауап қатты.
– Кадр бойынша айтсам, біреулер мені жақындарын, жерлестерін тартады деп ойлайды. Негізі оны тексеру оп-оңай. Бүкіл мен істеген жерлерде өзім тағайындайтын адамдарды, жұмысқа тартқан азаматтарды алып анализ жасасаңыздар, бәрі шығады. Қай жерде жұмыс істесем де кәсіби команда теріп жүремін. Әкімдерде кәнігі мамандардан құралған команда болу керек. Менің ұстанымымда адам 20-30 жыл отыр, алып тастайық» деген принцип жоқ».
Осылай деген Өмірзақ Естайұлы егер кәсіби деңгейі жоғары маман болса, және ол өз саласындағы қызметін орындауда өзін «суда жүзген балықтай сезініп», міндетін мінсіз істесе, бірақ оны ескермей, қызметтен алып тастауды құптамайтынын да жасырмады. Сондықтан да оның бойында жасы келді немесе осы қызметте көп отырып қойды деген негізбен жұмыстан шығару деген мүлдем жоқ екенін мәлімдеді.
Шөкеев бұл принципіне қаншалықты берік болатынынын уақыттың өзі көрсетеді.

Т. Дүйсебайұлы.