Балаларына көңіл бөлген көше

Баланы өмірге әкелген соң оны киіндіріп, ішіндіруден бұрын дұрыс тәрбие беруі ата-ананың басты міндеті. Сол міндетті абыройлы атқарып жүрген ата-аналардың оңды істерін көзбен көріп риза болдық. Шолаққорған ауылының ең шеткі бөлігіндегі Спатаев атында көше бар. Осы көшенің тұрғындары жыл сайын көше балалары арасында «Өнерлі балапандар» сайысын өткізеді. Кеше ғана сол байқауды көзбен көрдік. Көше сайысы Спатаев көшесіндегі зейнеткер ұстаз Маханова Қырмызы апаның ауласында өтті. Сахна, киім ауыстыратын бөлмелер ретінде есік алдындағы бос жайларды пайдаланыпты. Сайыстың әділ қазылары да Манабаев Базар, Үркінбаев Амангелді, Тілеубергенов Әлен сияқты көшенің сыйлы ата-әжелерінен құралған. Өздерінің өнерлерін ортаға салып, ата-әжелерінің көңіліне қуаныш сыйлау үшін Шымқаладан, шалғайдағы ауылдардан келген немерелері де қызу дайындықпен келгендері байқалады. Ұлтымыздың өнер майталмандары Розалар, Нұрғали, Ескендір, Мақпал, Нағима аға-апалар өз естеліктерінде өнерге осындай балалық арманмен, ауладағы алғашқы сахналармен келгенін айтқан еді. Арман алдамайды. Сол ата-әжелері, апалары сияқты бүлдіршіндердің арман ниетіне деген баспалдақ сынды байқауға тәнті болдық. Осы іске ұйытқы болып жүрген «Білім беру ісінің үздігі», «Ел ардақтысы» төсбелгісінің иегері ардагер ұстаз Қырмызы Сейітқызын сауалдасуға тарттым.
— Расында бұл игі бастаманы мен бастап едім. Жаз шыға балалар оқудан қолдары босап, демалысқа шығады. Қыдырып келетін немерелер, жиендер бар. Көше бойындағы жолда жүгіріп ойнап жүреді. Жол қауіпсізідігін де ойлаймыз. Соған алаңдап аулада бәрін жиып, балалардың өнерлерін өзара біріне бірі көрсетсін, бір-бірінен өнеге алсын, бұлақтың көзі ашылсын деген ниетпен осы шараны қолға алғанбыз. Көше тұрғындары бұл бастаманы көтере қолдады. Содан Наурыз мерекесінде, осы жаз айларында өткізіп тұрамыз. Балалар шақыру қағаздарын өздері таратады. Өздері ұйымдастырады. Сол арқылы өздеріне деген жауапкершілігін арттырады. Өздерін қоғамға керек адам ретінде сезінеді. Сондай-ақ ертеңгі үлкен сахналарға деген арман-мақсаты, сенім-жүгі молая түседі. Қазір көшедегі келін-ұстаздарды да осы іске тартып, жалғастырушы ретінде тәрбиелеп жүрмін,-дейді зейнеткер ұстаз.
Өнерлі балапандар сайысына қатысқан Рамазан Базар, Гүлназ Сейіт, Инабат Амангелді, Арайлым Базар, Кәусар Ерсейіт, Нұрсая Базар, Айару Аппаз, Береке Бақыт, Айша Қанатқызы, Әсел атты балаларға арнайы әзірленген «Мадақтама» қағаздары тапсырылып, көрсеткен өнерлерінің құрметіне балмұздақтар таратылды. Балалар келбетіне қуаныш сыйлаған ата-аналар да риза болысты. Ендігі айтарымыз осындай көше бойындағы балалардың жазғы, қысқы демалыстарын салауатты, пайдалы өткізулері үшін балалар ауласы болса, оларға шағын музыкалық аппараттар, сахналық киімдер жағынан да қолдау жасайтын ауыл әкімдігі жағынан болсын, кәсіпкерлер тарапынан болсын демеушілер табылып жатса оңды іс болар еді.

Мақсат Қарғабай.