«ШЫМКЕНТ ТАЛАНТТЫ, БІЛІМДІ ЖАСТАРЫНЫҢ КӨПТІГІМЕН ЕРЕКШЕЛЕНЕДІ»

Алтай НҰРМАНОВ,
«Халықаралық бағдарламалар орталығы»
акционерлік қоғамының өкілі:

Шымкент политехникалық колледжіне ҚР Білім және ғылым министрлігі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамының өкілі Алтай Нұрманов келіп, журналистермен кездесті. Басты мақсат – білімді жастарды «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алуға шақыру және үкіметаралық гранттар бойынша өзге елдердің есебінен сапалы білім алу жөнінде ақпараттандыру. Өз кезегінде Алтай Нұрманұлы білімге құштар азаматтар үшін шетелде оқу тек «Болашақ» бағдарламасымен шектеліп қалмайтынын, одан өзге де мүмкіндіктер мол екенін жөнінде қызықты ақпараттармен бөлісті. Назарларыңызға баспасөз-брифингінде Алтай Нұрланұлының келтірген мәлімдемелерін қаз-қалпында ұсынамыз.

«Болашаққа» құжаттар қабылдау жүріп жатыр
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ магистратура, докторантура, резидентура және тағылымдама бағдарламалары бойынша «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындауға арналған жыл сайын өтетін конкурстың басталғаны туралы хабарлайды. Құжаттарды республикамыздың кез келген аймағынан ХҚКО арқылы, сондай-ақ egov.kz порталында онлайн тапсыруға болады. Құжаттарды қабылдау 2019 жылғы 25-ақпаннан басталған. Және ол 31-тамызға дейін жүргізіледі.
Қазақстан ең дамыған отыз елдің қатарына қосылуды мақсат еткен. Осы ретте адами капиталды дамытудың маңызы зор. Бәсекеге қабілетті маман даярлау – ең негізгі міндеттің бірі. Бұл ретте «Халықаралық бағдарламалар орталығының» өзіндік үлесі зор.
Біз білім министрлігіне қараймыз. Ең басты бағытымыз құрылғанына 25 жылдан астам уақыт толған «Болашақ» бағдарламасының жұмысын жүргізу.
Білімге құштар жастардың шетелде білім алуына зор мүмкіндік берген «Болашақ» бағдарламасы қолға алынғаннан бастап 13 мыңнан астам азаматқа мемлекет есебінен стипендия тағайындалған. Мұхит асып білім алуға аттанған солардың 10 мыңнан астамы бүгінде оқуларын бітіріп, елге оралып, өз салалары бойынша еңбек етіп жүр.
Елбасы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Болашақтың» басты мақсаты – білікті мамандарды даярлау. Осы мақсатта мемлекетіміз биыл 555 стипендия бөліп отыр. Өткен жылы да осыншама стипендия бөлінген. Және олардың барлығы қамтылған.
Жалпы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға түсудің тәртібі туралы барлық ақпаратты bolashak.gov.kz ресми сайтында толықтай алуға болады.
«Болашақ» стипендиясына үміткер адам тиісті құжаттарын тапсырған соң, конкурстық іріктеу 6 турдан тұрады. Сол турлардың барлығынан мүдірмеген азамат шетелде оқуға жолдама алады. «Болашақ» стипендиясының иегері атанған маманның шетелде қанша жыл оқитыны барған мемлекетіне байланысты болады. Мысалы, АҚШ-та магистратурадан өтуге екі жыл жұмсалады. Ал Британияда шамамен бір жыл. Ресейде екі жыл. Ал докторантура үш немесе төрт жылға созылады.
Қазіргі таңда «Болашақ» стипендиясының иегері атанғандардың көпшілігі мемлекеттік саясат, саясаттану, заңгер, бухгалтерлік есеп, қаржы және экономика, құқық, халықаралық құқық сынды мамандықтарды таңдайды, Стипендианттардың басым көпшілігінің таңдауы Британия және АҚШ еліне түседі.
Жыл сайын «Болашақ» стипендиясының иегері атану үшін мың, екі мыңнан астам адам құжат тапсырады. Құжат тапсыратын адамдардың басым көпшілігі Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қаласынан келгендер. Қазақ жастарына қанат бітіретін бұл бағдарлама бойынша шетелде білім алу мүмкіндігіне нақ осы үш қаланың жастары көптеп ие болып жатады. Және де «Болашақ» бағдарламасымен білім алып, елге оралған мамандарымыздың басым көпшілігі тағы да осы үш мегаполисте еңбек етіп жүр.
«Болашақ» степендиясына ие болғандар көптеген квоталық категория бойынша мемлекеттік қызметкер болсын, педагогикалық қызметкер болсын жұмыс орны сақталады. Ал жұмыс өтілінсіз кеткен азаматтарға елге келген соң түрлі мекемелерден келген вакансиялар бойынша жұмыс ұсынылады. «Болашақ» стипендиясының иегерлерінің 70 пайызын 25-35 жас аралығындағы жастар құрайды.

Шетелде оқу тек «Болашақпен» шектелмейді
Біздің басты бағытымыз «Болашақ» стипендиясының жұмысын жүргізу екенін айтып өттік. Екінші бағытымыз – үкіметаралық келісімшарт негізінде шетелде білім алуға студенттер жіберу. Үкіметаралық гранттар дегеніміз не? Бұл басқа мемлекеттер мен Қазақстан арасында студент алмасу, біздің өрендерге арналған шетелдік гранттар. Үкіметаралық гранттар бакалавриат, магистратура және PhD дәрежелерін қамтиды. Бұл жоба республикалық бюджетке еш салмақ салмайды. Мәселен, үкіметаралық грантта екі елдің Білім және ғылым министрліктері келісімге келу арқылы білім гранттарын ұсынады. Мәселен, Қазақстан мен Ресей мемлекеттері келіссе, біз оларға жүз грант олар бізге жүз грант береді. Грантқа ие болған адамның міндетті түрде оқу ақысы төленеді. Шәкіртақысы беріледі. Жататын орны қамтылады. Бұл шығындардың барлығы сол елдің есебінен жүргізіледі. Тіпті оқуын бітірген соң сол елде қалып жұмыс істеп немесе білімін жалғастырса болады. Ал «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алған адам оқуын бітірген соң міндетті түрде елге оралып, өз жерінде еңбек етуі қатаң қадағаланады. Еңбек ету мерзімі Нұр-Сұлтан, Алматы қаласында бес жыл. Бұл тізімге жуырда Шымкент қаласы да қосылады. Ал қалған өңірлерде үш жыл өтелуі тиіс.
Үкіметаралық грант пен «Болашақтың» басты айырмашылығы осы.
Үкіметаралық грантқа құжат жыл басынан бастап қабылдана береді. Мысалы, қаңтар айында біз Венгрия елінде білім алу туралы гранттар ұсындық. Венгрияға білім алуға жастарды жіберу аяқталған соң, ақпан айында Қытай, сосын Украинада білім алуға гранттар ұсындық. Гранттар бойынша ашық ақпараттар bolashak.gov.kz сайтында хабарланып тұрады.

Басты талап – тіл білу
Шетелде оқудың тағы бір тетігі ол ЖОО серіктестігі бағыты. Бұл бағыт бойынша Чехия, Испания, Германия және тағы басқа көптеген елдердің оқу орындары бізге гранттар береді. Бұл мүмкіндік өзінің лайықты иесін табу үшін біз ресми сайтқа толыққанды ақпарат саламыз. Осыған орай ресми сайт арқылы үміткер үйде отырып-ақ құжаттарын сканерлеп онлайн түрде көрсетілген мекенжайға жолдап, грант иегері атана алады. Ол сол университеттің есібінен төленеді. Жалпы олар қазақстандық студенттердің өз білім ордаларында оқығанын зор құрметпен қабылдайды. Неге? Себебі, шетелдік кейбір университтерге «Шетелдің азаматтары міндетті түрде оқуы керек» деген талап қойылады. Және оның өзінің белгіленген пайыздық көрсеткіші бекітіледі. Міне сондай талаптардан сүрінбес үшін олар өзге елдің өрендерін білім алуға шақырады. Бұл жерде басты талап шетел тілін меңгеру.

Білім көрмесінің берері көп
Қазақстандық жастардың шетелде білім алу мүмкіндігін мүлт жібірмеуін жолға қою біздің орталықтың басты мақсаты. Осы мақсатта алдағы 5-16 қазан аралығында халықаралық білім көрмесін өткіземіз. Ол Қазақстанның 6 қаласында атап айтқанда, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Орал және Атырау қалаларында өтеді. Көрмеге келемін деген кез келген адамға есігіміз ашық. Кіру тегін. Ешқандай тіркеу жоқ. Онда шамамен 300-ден астам ЖОО қатысады деп күтілуде. Ол жерде де іргелі университтердің өкілдері келеді. Қолдарындағы гранттарын ұсынады. Сол жерде оқу орындарының өкілдері болсын, Қазақстан азаматы болсын өздері меморандумға отырады. Бұл өзге елде білім нәрімен сусындалып, қабілет қарымын ары қарай шыңдаймын деген кез келген жас үшін үлкен мүмкіндік. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» мұндай шараны осымен үшінші рет өткізгелі жатыр.

Шетелде білім алатын күнгейлік жастар жыл сайын көбеюде
Бұдан бөлек осы қыркүйек айында біз Қазақстан қалаларында баспасөз-брифингін өткізгелі отырмыз. Мұнда әр өңірдің білім басқармаларының ұйымдастырумен біз мектеп оқушыларымен кездесіп, шетелде білім алу бойынша бізге ұсынылған гранттар жөнінде оларды ақпараттандырамыз. Бұл тұста біз Шымкент қаласының өрендерімен міндетті түрде кездесу өткіземіз. Себебі, Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан білім алу үшін шетелге аттанатын жастар легі жыл сайын артуда.

Талантты жастарды назарда ұстаймыз
Жалпы мені Шымкент жастарының әрдайым ерекшеленіп жүретіні қуантады. Мәселен, «Болашақ» стипендиясы иегерлері атанғандардың арасында да, үкіметаралық келісімшарт негізінде шетелде білім алу грантына ие болғандардың қатарында да Шымкент жастарының қатары көп. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, бұл жерде жастар көп. Миллионды қаланың әрбір үшінші тұрғыны жастар. Екіншіден, сол жастардың ішінде таланттылары жетерлік. Біз арнайы талдау, сараптау жүргіземіз. Сол кезде үшінші мегаполистегі оқушылардың белсенді екені айқын аңғарылады. Талдау, сараптау кезінде білім деңгейіне көп мән беріледі.
Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығымен меморандум түзгенбіз. Соның негізінде біз осы жердегі оқушылармен әр тоқсанда бір рет кездесу ұйымдастырамыз. Сол кезде де талай жастардың білімге деген беталысы, оқуға, ізденуге деген құштарлығының күштілігі жүздерінен, сөздерінен анық сезіліп тұрады. Қазақта «болар баланың бетін қақпа, белін бу» деген сөз бар. Өз кезегінде орталық өкілдері мұндай өрендердің тізімін түзіп, оларды қажетті ақпараттармен қамтып, дұрыс таңдау жасауына жағдай жасайды.

«Болашақпен» тек білімділер оқиды
Енді сөзімізді түйіндей келе «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағы бірер сөз айта кеткенді жөн санаймын. Жастар санасында «Болашақпен» тек байдың балалары оқиды» деген түсінік қалыптасқан. Бұл жүз пайыз қате әрі жаңсақ пікір.
«Болашақпен» тек білімді адам ғана шетелде оқиды. Ол сенің түріңе, біліміңе, бойыңа не сымбатыңа қарамайды. «Болашақпен» шетелде білім алу мүмкіндігіне тек біліммен ғана қол жеткізіледі. Дипломы бар, өз саласының білгірі, әрі ағылшын тілін жақсы білген кез келген адам «Болашақпен» білім алуға әбден болады. Тек іріктеу кезінде бағы мен бабы қатар шапса болғаны.

Көп ізден. Көркем әдебиет оқы. Тілді меңгер.
«Болашақ» стипендиясының иегері болу үшін, немесе үкіметаралық гранттар бойынша шетелде білім алуға талпынған өскелең ұрпаққа айтар менің кеңесім осындай. Көптеген әдебиеттерді оқу керек. Әрине «Абай жолынан» бастаған. дұрыс сияқты. Және жатпай-тұрмай ізденген дұрыс. Артық ақпарат ешқашан артық болмайтынын қаперде ұстанған абзал.

Дайындаған: С. ИБРАГИМОВА.