Маңызды

КАДРЛАР ҚАЛПАҚША АУЫСТЫРЫЛАДЫ МА?

Осы апта салмағы зор саяси оқиғаларға толы болды. Соның ең бастысы 9-маусым Президент сайлауы күні халықтың ең көп сеніміне ие болып жоғары лауазымға кенелген, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімі еді. Халық алдында қазақ тілінде ант берген Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлықтаудан соң Қазақстан Республикасы Конституциясының 87-бабының 5-тармағына сәйкес Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдерінің өкілеттігін тоқтату туралы Қаулы шығарды.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Сондай-ақ, Президент Жарлығында қазіргі әкімдер жаңа әкім тағайындалғанға дейін өз міндеттерін атқара беретіні көрсетілген.
12-маусымда елге едел-жедел таратылған бұл ақпараттан соң, іле, анығырағы 13-маусымда мемлекет басшысы Ата Заңға сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтановты қызметінен босатып, бұл қызметке тиісті Жарлықпен Алтай Көлгіновты тағайындады. Алтай Көлгінов бұған дейін Батыс Қазақстан облысының әкімі болған. Одан алдын Орал қаласының басшысы, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ғали Есқалиевті Батыс Қазақстан облысының әкімі етіп тағайындады. 49 жастағы Ғали Есқалиев үшін жаңа қызметті ұршықша иіру аса қатты қиындық тудыра қоймайтыны анық. Себебі ол бұған дейін аталған облыста әкім орынбасары қызметін атқарған еді.
Дәл сол күні Маңғыстау облысы әкімі орынтағына да жаңа басшы келді. Қарт Каспидің бойындағы өңірге Серікбай
Трұмов әкім болды. Ол бұған дейін Маңғыстау облыстық мәслихатының хатшысы лауазымында жүрген.
Бұл жетіде қызметімен қош айтысқандар сапында тек әкімдер болған жоқ, Сонымен қатар Білім және ғылым министрі болған Күләш Шәмшидиновада қызметінен кетті. Сөйтіп, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ҚР Білім және ғылым министрі болып Асхат Аймағамбетов тағайындалды. 17 жылға жуық еңбек өтілі бар Асхат Аймағамбетов бұған дейін Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы, ҚР білім жəне ғылым вице-министрі, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары сынды жауапты жұмыстарды орындаған.
Аймақтарға жаңа әкімдердің тағайындалуы мен министрлердің өз орнын босатуы осымен түгесіліп қалмайтыны анық. Айтпақшы, Қасым-Жомарт Тоқаевтың кадрларды қайта тағайындауы кезінде кейбір шенеуніктердің қызметтері сақталып қалғанын айта кетейік. Мәселен, Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің Басшысы болып қайта тағайындалды. Сонымен қатар мемлекет басшысы Алик Шпекбаевты Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) төрағасы қызметіне қайта тағайындау туралы арнайы қаулыға қол қойды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен алдағы уақытта кадрлардың біразы осылай қызметін сақтап қалады ма, әлде қалпақша ауыстырылады ма? Бұл сұрақтың жауабын уақыт еншісіне қалдырған жөн сияқты.

Қ. ҚАЛИЕВ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру