«Саяси және қоғам қайраткерлерінен келіп түскен құнды ұсыныстарды міндетті түрде ескеремін»

Қасым-Жомарт Тоқаев,
Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл аптадағы ең басты айшықты оқиға – Қазақстанның жаңадан сайланған Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінің өтуі болды. 12-маусымда өткен бұл шара Тәуелсіздік сарайында саяси элиталардың қатысуымен өтті. Ұлықтау рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев оң қолын Конституцияға қойып «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, ҚР-ның заңдары мен конститутциясын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, ҚР-ның президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін» деді. Салтанатты жағдайда ант берген соң ол көк туымызды сүйіп, ҚР Президенті куәлігін алды. Дәл осы сәттен бастап қызметіне ресми түрде кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы бес жыл ішінде қандай шаруалардың бабын тауып, нендей мәселелерге нүкте қоятынын айтты.
Сонымен отыз жылға жуық тәуелсіздік жылдарын артқа тастаған қазақстандықтарға Қасым-Жомарт Тоқаев не деп серт берді?
Еліміздің екінші президенті барлық азаматтардың мүддесін қорғап, азаматтық ұстанымдарына қарап, «ала қойды бөле қырыққандай» қадамға бармайтынын, өз жұмысын атқару кезінде саяси және қоғам қайраткерлерінен келіп түскен ұтымды ұсыныстарды, бастамаларды міндетті түрде ескеретінін қадап айтты. Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді қорғайтын ең тиімді тетіктерді іске асыратынын, жергілікті биліктің адамдардың талап-тілегіне құлақ асып, мәселелерді созбалаңдыққа салмай-ақ дер шағында шешуге, тұрақты түрде есеп беріп тұруға міндеттейтінін мәлімдеді. Экономикалық даму жұмысын бағалауда құрғақ цифрлармен емес, халықтың нақты әл-ауқатын негізге алып, баға беретінін білдіре кетті.
Өз кезегінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел ішінде орын алып жатқан олқы тұстарды, халықты не мазалайтынын жақсы білетінін де тілге тиек етті. Ол алдағы президенттік қызметін атқаруда төмендегідей он бағытқа аса мән беріп, жұмыс жүргізетінін алға тартты. Ол он бағыт қандай?
Бірінші бағытта әрбір азаматтың өз елінде алаңсыз өмір сүріп, сүйікті кәсібімен шұғылданып, ұрпақ өсіріп, елде болып жатқан жетістіктерді мақтан тұтуы керектігі айтылады. Ынтымақтың ыдырамауына басты тетік болатын мұндай ауанға қол жеткізу үшін елімізде экономикалық өсім орнауы тиіс. Бұл мақсатта алдағы уақытта Үкіметтің кеңейтілген отырысында нақты міндеттер айқындалмақ.
Екінші бағытта мемлекеттің дамуын тежейтін сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу көзделетінін, осы мақсатта 1-қыркүйекке дейін жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалатынын мәлімдейді.
Үшінші бағытта судьялар мен осы қызметке үміткерлерді бағалау және іріктеу бойынша талап деңгейін көтеру арқылы олардың кәсіби және адамгершілік талаптарына сай болуын жолға қою, сол арқылы халықтың сеніміне ие болу жұмыстары атқарылатынын жеткізеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың төртінші бағытында халықты лайықты еңбекақымен қамту және жаңа жұмыс орындарын ашу көзделгені айтылады.
Түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуына айрықша мән беру. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың екпін түсірген бесінші бағыты болып табылады.
Президенттің алтыншы бағытында жаппай білім беру ісін ілгерілету, барлық тұрғынға сапалы медициналық қызметтің көрсетілуін қамтамасыз ету, дәрігерлер мен мұғалімдердің абыройын асырып, мәртебесін көтеретін заңдар қабылдау, материалдық жағдайын жақсарту бойынша тиісті тетіктерді қарастыру айтылады.
Жергілікті билік түйіткілдің түйінін тарқатуда мәселені Үкіметке қарай ысырмай, жергілікті жерлерде шешуі қажет. Яғни, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі нығайтылмақ. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынған жетінші бағыты.
Сегізінші бағытта жасампаздығымызды нығайтып, бәсекеге қабілетті ел болуға бастайтын «Рухани жаңғыру» құндылықтары бойынша тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу сынды асыл қасиеттерімізді жетілдіру бағытындағы Елбасы бастамашыл болған жұмыстар қолға алынатынын жеткізіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев тоғызыншы бағытта сыртқы саясаттағы орнымыз күн тәртібінен түспейтінін тілге тиек етеді. Ал оныншы бағытта мемлекеттік қызметтің барлық деңгейіне жас талантты басқарушылар тартылатынын, бұл үшін «Президенттің кадрлық резерві» қалыптастырылатыны туралы мәлімдейді.
Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытқа жоспарланған он бағытын ұсыынбас бұрын, табыс көлемінің азаюы, теңгенің теңселуі, миллионнан астам азаматтың екінші деңгейлі банктерге берешек екені халықты толғандырып жүрген негізгі мәселелер деп таныды. Сонымен қатар ол, тұрғындарды толғандырар түйіткілдерге қоршаған ортаның экологиялық ахуалы, халықты сапалы ауыз сумен қамтудың күн тәртібінен түспеуі, жолдардың сапасының сын көтермеуі, табысы жоғары және төмен азаматтардың арасындағы алшақтығы, билік пен қоғам арасындағы диалогтың өз деңгейінде еместігін жатқызып, атап өткен он бағыт осы тығырықтардан алып шығады деп сендірді.
Алдағы уақытта халық алдындағы міндеттерін ашық әрі әділ түрде іске асыратынын нық сеніммен айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің басты міндеті – еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау деп қадап айтты. Және билік өзінің халық алдындағы уәдесін орындауға міндетті екенін айтты.
Қызметіне ресми кірісу кезінде сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы дамыған отыз ел қатарынан өз орнын табуға ұмтылып келе жатқан Қазақстанның бүгінгі қол жеткізген жетістіктері ең алдымен Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы деп атап өтті.
Өткенге шолу жасасақ. Ағымдағы жылдың 9-маусымында Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы болып өтті. Сайлауға тіркелген 7 кандидаттың ішінде Қасым-Жомарт Тоқаев ең көп дауыс жинап, мемлекеттің екінші президенті атанды. Оның кандидатурасын сайлауға қатысқан азаматтардың 70 пайыздан астамы, дәлірегі 6,5 миллион адам қолдап, дауыс берген.
Жалпы 9-маусымдағы кезектен тыс президент сайлауына сайлаушы тізіміне енгізілген 12 миллионға жуық азаматтың 77 пайызы дауыс беруге қатысқан.

А. САТЫБАЛДЫ.