Сыртқы жарнама селқос қарайтын мәселе емес

Таяуда Шымкентке жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев келген болатын. Сол кезде қаладағы бірқатар нысандарды аралап көрген ол «Шымкент – ең креативті қала» деген-тін.
Үшінші мегаполистің сәулеті күн сайын көркейіп, көркі көз тартар нысандармен толығып, қанатының кеңге жайылып келе жатқаны соған негіз болса керек. Міне сондай теңеуге әрдайым лайық болу үшін орын алған олқылықтардың орнын толтыру Сіз бен бізге жүктелген ортақ жауапкершілік.
Осы мақсатта, яғни, Шымкенттегі көзге қораш көрінетін келеңсіздіктерді жою немесе оны алдын алу үшін сыртқы жарнамаларды ретке келтіру жұмыстары қолға алынды. Әл-Фараби ауданы әкімдігі Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары мен жергілікті полиция басқармасының қызметкерлері, сәулет және қала құрылысы басқармасының қызметкерлерімен бірге ұйымдастырған бұл шарада әкімдік мамандары коммерциялық нысандардың маңдайша жазуларындағы атаулардың заң талаптарына сай жазылуы жөнінде кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Онда Шымкенттегі Республика даңғылы мен Т. Айбергенов, Ә. Жангельдин көшелеріндегі коммерциялық нысандар қамтылды.