«Такси қызметін пайдаланған туристің бүкіл қала туралы өз пікірі қалыптасуы мүмкін»

Данат ЖУМИН,
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Данат Жумин енді такси жүргізушілерінің қызметіне мән бермек. Бұл туралы ол өзінің инста-парақшасында мәлім еткен. Өз мәлімдемесінде Д. Жумин:

– Театр киім ілгіштен, ал туризм қызмет көрсету сапасынан басталады. Қала қонақтары әуежайдан немесе теміржол вокзалынан шыққанда алғаш болып кімдермен кездеседі? Әрине, такси жүргізушілерімен. Такси қызметін пайдаланған туристің бүкіл қала туралы өз пікірі қалыптасуы мүмкін. Бұл салада бізде көп мәселелер бар екенін анықтадық, -дей келе, осы мәселені шешу үшін такси компанияларының басшыларымен жиын өткізгенін, біраз өзгерістер енгізуге келісіп, алдағы уақытта бұл бағытта әрі қарай жұмыс жасайтынын жеткізген.
Қала әкімі орынбасарының бұл мәлімдемесіне zhaneka333 есімді желі қолданушысы «Такси көліктерінен бұрын, әуежай мен вокзал ішіндегі әжетxаналардың жағдайы мүшкіл, сырттан келген қонақ мемлекет жағдайын “ескіріп, ластанған туалеттен ақ” байқайды» деген пікір қалдырған. Ал abdibekova_roza_ есімді желі қолданушысы «Таксисттер Гид секілді қаланы таныстырып жететін жеріне апарып салса дұрыс болады» деп жазған.