ҚАЗАҚ ЖЕРІНДЕГІ МҰСЫЛМАН ЖӘДІГЕРЛЕРІНІҢ ЕҢ КӨНЕСІ

Сайрамдағы VІІІ ғасырда жасалған тас баған. Әйгілі шығыстанушы А.Ю. Якубовскийдің фотосы. ХХ ғасырдың басы.

Сайрам… Осы атауды естігенде әулие жерлері, ирелеңдеген көшелері
мен дәстүрлі тамдары, сауда қатарлары мен шайханалары бар байырғы
шығыс елді мекені елестейді.

Байырғы Сайрам ортағасырлық араб, парсы, түркі шығармаларында жиі аталатын Қазақстанның қалаларының бірі. Ортағасырлық Сайрам қаласының орны Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы — Шымкент шаһарынан шығысқа қарай 10 шақырым қашықтықта, қазіргі Аттас елді мекеннің аймағында жатыр. Шығыс деректердіңде Сайрам кейде Исбиджаб деген атаумен кездеседі. Махмуд Қашқаридің 1072 -1074 жылдары арасында жазылған «Дивани лұғат ат-түрк» — «Түрік тілдерінің сөздігі» атты еңбегінде «Сайрам ақ қаланың атауы (ал-Мединат ал-Байда) оны Исбиджаб деп те атайды. Оны Сарьям деп те атайды». Мұнда халық ерекше қастерлеген Ыбрайым ата, Қарашаш ана, Әбділ әзіз баба, Қожа Салық, Мыралы баба, Қазы Байзауи кесенелері орналасқан. Аталған ескерткіштер әр дәуірде салынғанынымен ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басында түрлі жөндеулерден өтіп түпнұсқалық көрінісін біршама жоғалтып алған.
Сайрамда қаз қалпында сақталған ең ерте исламдық ескерткіштердің бірі – тас баған (ұстын). Зерттеушілердің ішінде алғаш бұл тіреуге 1866 жылы Сайрам елдімекені арқылы өткен А. К. Гейнс назар аударды: «Мешіттің төбесі ішінен көптеген ағаш ұстындармен тірелген, олардың ішінде біздің назарымызға қатты құмтастан қашалған өте көне тіреу түсті. Оның сырт пішіні біздің байырғы шіркеулердегі орта беліне таман тарылатын шағын ұстындарына ұқсас. Онда беймәлім сына тәрізді әріптер бар. Г. және П. (А.К.Гейнстің жолсеріктері) оларды ескі славян әріптері деп таныды. Олар бұл жаққа қалай келген деген сұрағыма татар шапқыншылығы кезінде әкелінілуі мүмкін деп жауап қайтарды. Осы сұраққа жауап іздеп бізді қоршап тұрған құрметті сайрамдықтарға сауал салғанда олар: «Бұл ұстынды Адам атаның бір баласы жасаған және ол ешбір жақтан әкелінбеген, бұл ертеден осы жерде тұр» деп айтты.
ХІХ-ХХ ғасырдың басында Сайрамдағы Жұма мешітінде (зерттеушілер оны Ыдырыс пайғамбар мешіті деп белгілейді) тұрған осы жәдігерді келген барлық ғалымдарды қызықтырды. 1884 жылы Сайрам ескерткіштерін көріп сипаттаған атақты шығыстанушы Н. И. Веселовский тас бағандағы жазуларды алғаш оқыған. Ол өзінің есебінде: «Сайрамның барлық мешіттері жақын арада қайта салынған және сондықтан оларда байырғы жазулар жоқ. Оларда тек зияратқа келгендердің жазбалары бар. Олардың тарих үшін маңызы болмаған соң көшірілмеді. Ыдырыс мешітінің бастырмасында құмтастан жасалған бір тіреуге назар аударарлық. Онда кейбір өрнектер бар және арабша «Алладан басқа Құдай жоқ»,
«Алла бір» деп жазылғанын көрсетеді.
Нақты осы ұстынға деген қызығушылық Орта Азияның белгілі ғалымы М. Е. Массонды Сайрам елді мекеніне барып оны көріп зерттеуге ықпал етті. М. Е. Массон осы сирек жәдігерді ІХ-Х ғасырларға жатқызды және оның ғылылыми сипаттамасын жасады.
Бағанның биіктігі 2,56 метр және оның іргесіндегі орташа диаметрі 62,3 сантиметрге тең. Осы сары құмтастан қашалған. Тіреудің төменгі бөлігі жартылай шар мен шамалы қысылған толық шар іспетті етіп жасалған. Толық шар үстіне жоғарыдан төрт жапырақ іспетті сыналар түсірілгенге ұқсайды. Оларға қарама қарсы жарты шардан осындай сыналар жасалған-ды. Ұстынның бұдан жоғары бөлігі белбеуге дейін сығымдала түседі. Белбеуден жоғары ұстын кеңейе түседі. Ұстынның орта белінде және жоғары жағында әсем, һәм нәзік куфи үлгісінде жасалған жазулар ойылған. Онда ислам дінінің негізгі қағидалары жазылған.
ХХ ғасыр басында ұстын киелі болып саналған. М. Е. Массонның тумаған бір әйелдің ұстынды тәуба еткен рәсімін көріп жазғаны бар: «Менің көзімше мешіт қақпасына атпен келген салтанатты киінген, басында сәукелесі бар жас қазақ келіншегі көлігінен түсіп, жылдам қадамдармен ауладан өтіп, сыпа үстіне көтеріліп, ұстынға жақындады. Қолдарымен ұстынды құшағына алып оған жабысты. Екі рет оны айналып шығып, үш мәрте маңдайын ұстынға тигізді. Осыдан соң мешіттен жылдам шығып, зияраттан таяу арада нәтиже болатынына сеніммен далаға бағыт алды».
Сайрамдағы осы тас бағанды М.Е. Массон өз зерттеуінде шамамен ІХ-Х ғасырларда жасалған деп болжаған болатын. Алайда осы тас ұстынның жасалған уақытын одан да тереңдетуге негіз бар. Мәшһүр Жүсіптің жазбаларында Сайрамдағы тасбағанға байланысты мынадай жолдар бар: «Сайрам қаласының мешітіндегі тас бағанды кім орнатқанын жазайын. Ерте заманда Алатау, Қаратаудың аралығында Әулиеата мен Шымкент, Сайрамға маңайлас жерде «Қырық қақпалы Қарғалық» -атанған шаһар болыпты. Оның билеуші бастығы Ысқақ бап деген батыр болыпты. … Бір тас бағанды Сайрамда бір мешітке орнатқан дейді: «Ыдырыс пайғамбардың намаз оқитын жері екен!» — деп.
Әулие жерлер туралы құнды деректердің бірі қожалардың шежірелері – «Насаб-нама» болып табылады. Хорасан қожалар шежіресінде Ысқақ баптың Сайрамда Жұма мешіт салдырғаны жазылған: „Мешіттің ірге тасын өз қолымен қалады. Сарықамыс суын осы мешітіне уақыф қылды. Мешіт салуға үш мың бес жүз алтын қаржы қылды“. Аңыздардағы Ысқақ баб VІІІ ғасырда Орта Азия мен Қазақстан аумағында ислам таратушылардың басшысы болған тарихи тұлға. Қожа Ахмет Ясауидің арғы бабасы. Яғни Сайрамдағы тас баған VІІІ ғасырға жатады, яғни Қазақстандағы ислам дәуірінің ең байырғы бізге жеткен жәдігері болып табылады.
ХХ ғасырдың бірінші жартысында Ыдырыс пайғамбар мешіті қиратылды, ал аталған ұстын қазіргі уақытта Сайрам ауылының бір бөлігіндегі мұражайының алдында тұр. Алайда ұстынның төменгі бөлігі цементпен құрсауланғаннан оның тұла бойын тамашалау мүмкін бермей тұр. Аталған ұстын ортағасырлық Сайрамның тас өндеу өнерінің жалғыз туындысы емес. Шымкенттегі өлкетану мұражайында Сайрамнан алынған бетінде араб жазулары бар тас астау сақтаулы тұр.
Ысқақ баб жасатқан тас ұстынды құрсап тастаған цементтен босатып және Сайрамның басқа да тастан қашалған жәдігерлерін көне қаланың бір жеріне көрнекі етіп орналастырып ашық аспан музей жасап Түркістан облысының түристік нысан ойластыруға болар еді. 12 ғасырдан астам бұрын жасалған жәдігерді, басқа да тарихи құндылықтарды тамашалауға келетіндер аз болмауы тиіс. Санкт-Петербург қаласындағы Эрмитажда осы Испиджаб деген жазуы бар ұстынды өз көзімізбен көргенбіз. Ресейдегі осы жәдігерді қайтаруды қолға алып Сайрамға әкеліп тас жәдігерлер қатарына қоссақ тарихи әділеттілік орын алар еді.

Мұхтар ҚОЖА,
т.ғ.д., Ахмет Ясауи
атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры.