21 мың теңге немесе жасанды ажырасу

Осы аптаның сейсенбісі күні Созақ аудандық сотында «Отан-отбасынан басталады» тақырыбында аудандағы кәсіби медиаторлар мен сот орындаушыларының, адвокаттардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелді аудандық соттың төрағасы Нұрқазы Бектаев жүргізіп отырды. Дөңгелек үстел алдымен тақырыпқа орай дәйекті цифрлар мен нақты дәлелдермен Созақ аудандық сотының судьясы Б. Л. Сағынтаевтың шағын хабарламасымен басталды. Хабарламаға сүйенсек аудандық сотқа
2019 жылдың 6 айында 251 азаматтық істер бойынша тиісті талап арыздар түскен.Талап арыздарға талдау жасасақ, оның 19-ы өткен жылдан қалдық болып өткен. Оның ішінде неке бұзу бойынша 47 арыз түсіп, 7 талап арыз 2018 жылдан қалдық болып өткен, барлығы 54 неке бұзу туралы талап арыз, 41 арызға қанағаттандыру туралы шешім шығарылған, медиация тәртібімен 5 талап арыз аяқталған, 1 арызға қанағаттандырусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарылған. Бала кәмелеттік жасқа толғанша асырап бағуға алимент өндіру туралы 46 арыз түсіп, 46 арызда қанағаттандырылған.
Бұл деректерді келтіріп отырған себебіміз «Отан отбасынан басталады» дегендей жанұяның береке-бірлігі, елдің ертеңі болар-әр сәбидің, әр баланың болашақ қадамына алаңдаушылықтан туындап отыр. Өйткені, «ұяда не көрсең, ұшқанда соны білесің» дегендей сәбидің жарық дүниедегі ең жақын адамдары отбасы, ата-анасы, ата-әжесі екені даусыз. Біздің қоғамда отбасы әрқашанда рухани және мәдени дәстүрлердің сақтаушысы, түрлі буындар арасын жалғастырушы болады және солай болып қалмақ.
Алайда осыған қарамастан кәзіргі қоғамда ажырасу арыздары жылдан жылға көптеп тіркелуде, айта кетер болсақ біздің ауданымыздың өзінде 2019 жылдың қаңтар айынан осы уақытқа дейін ажырасуға 47 арыз түссе, соның 41-не қанағаттандыру туралы шешім шығарылған, жылдың соңына дейін әлі қанша арыз түседі деген сұрақта туындайтыны жасырын емес. Сонымен қатар, әлеуметтік жәрдемақыны алу үшін адал некелерді бұзу фактілерін алдын алу мақсатында, осындай фактілер байқалған немесе орын алған жағдайларда тараптардың татуласу мерзімін созу мәселелері де қолға алынып жатқанынан дөңгелек үстел барысында хабардар болдық.
Тиісті мамандардың қатысуымен болған дөңгелек үстелдің басты мақсаты көрнеу жалған, жала некелердің алдын алу болып табылады, осыған байланысты өз тараптардан халыққа түсіндіру жұмыстар жүргізілуі өте маңызды болмақ. Бұл дегеніміз ертеңгі күні жалған неке бұзу фактілері бойынша алаяқтыққа барған азаматтар мен азаматшаларға заңның ащы өтеуі болатынын ескеруі керек. Өйткен «оңай ақша орға жығатынын» әлдекімдер түсінбей жүрген сияқты. Сондай-ақ бұл жерде алимент өндіру, ертеңгі күні әрбір азамат табысы туралы декларация тапсыратын уақыт келген кезде жымқырылған қомақты қаржыны қайтару мәселесі мен оған заң алдында жауап берер сәтте «тас түскен жеріне ауыр» демекші жалған неке, шынында ақиқат ажырасуға ұласып жүрмесін. Сондықтан да оңай олжа үшін опық жеп қалудан сақтандырып отырған бұл дөңгелек үстел әрбір ауылдар мен елді мекендерде кеңінен өткізілсе арам істің алдын алар едік. Ризық сені іздеп табады! Ауызды берген Алла ризықсыз қалдырмайды. Бұйырған кетпейді, жазылған қашпайды. Тағдырда келуі міндетті болған зат бір тиыны, не бір граммы кеміп-қосылмай саған нəсіп етіледі, сені өзі іздеп табады. Ал бұйырмаған үшін еш уайымдап, қапаланудың қажеті жоқ. Ол әу баста саған берілмейді деп жазылған дүние болатын. Біреуге күншілдік көрсетіп, іштарлық танытуың – өзіңді одан төмен екеніңді мойындауың. Жүрегіңді таза ұста, пейіліңді тарылтпа. Алламен бірге болсаң, Алла сені қорғайтынына, ризықтан кенде қылмайтынына күмəнің болмасын. Ажырасудың жақсы қылық емес екенін мына бір мысалдан да анық аңғаруға болады. Бір адам жағдайымды дұрыстап алайын деп қандай да бір ұрлық жасаса, сөйтіп арам жолмен тапқан ақшасына қуанып, бала-шағасын асырап, өзінің көңілін көтеріп бір жасап қалуы ықтимал. Ал енді бұл қанша жерден қуанышты болғанымен әу бастағы ұрлықты жақсы іс дей аламыз ба? Әрине, жоқ. Міне, сол секілді әркім ажыраса салып үйлене берсе, қанша жерден қуанғанымен, түбінде ажырасу деген жақсы іс емес. Шариғатымызда ажырасу–Алланың рұқсат еткен істерінің ең жек көрініштісі болып саналады. Мәселеге осы тұрғыдан қарауымыз қажет-ақ. Дөңгелек үстелге сонымен қатар, Шолаққорған ауыл әкімдігі жанындағы әлеуметтік көмек жөніндегі комиссия мүшелері, аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, өз ой пікірлерін ортаға салды.

Мақсат Қарғабай.